Тоқаев бірнеше заңға қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше заңға қол қойды.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы (карта 1:200 000) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», — делінген Жарлықта.
Сенат бұл заң жобасын 16 ақпанда мақұлдаған. Хаттаманың негізгі мақсаты — Қазақстан мен Қырғызстанның шекара өкілдері өз функцияларын орындауға жауапты болатын мемлекеттік шекара учаскелерінің аумақтық шегін анықтау.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринның бұған дейін айтуынша, заң Қазақстанның үшінші елдерге экспорт үлесін 10 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Келісімді қабылдау одақта және үшінші елдің аумағында белгіленген міндетті талаптардың салыстырмалылығын айқындау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тану үшін жағдайлар жасайды.
дереккөз: Aqorda.