ШЫМКЕНТ: «TEN QOGAM» — ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР ЖАНДАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы өткен жылы қоғамның ерекше қажеттіліктері бар азаматтарына жан-жақты қолдау көрсетіп, маңызды жұмыстар атқарды.
Инклюзивті қоғам құруды мақсат еткен орталық 2024 жылы 18 304 мүгедектігі бар тұрғынға ақпараттық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қызметтер ұсынды. Осы кезеңде барлығы 92 іс-шара ұйымдастырылып, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, мәдени және әлеуметтік қолдау бағыттары қамтылды.
Орталықтан 8 308 азамат ақпараттық-консультациялық қызмет алды. Egov.kz және Әлеуметтік қызметтер порталдары арқылы мыңдаған тұрғын санаторий-курорттық емделуге, техникалық көмекші құралдарға және басқа да электронды қызметтерге қол жеткізді.
735 азаматқа құқықтық кеңестер беріліп, 502 тұрғын инватакси қызметіне өтінім тапсырды. Инватакси қызметі ерекше қажеттілігі бар адамдардың қозғалысын жеңілдетуге бағытталған.
Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесе отырып, орталықта 5 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараларға 300-ге жуық адам қатысып, 13 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Орталық 5 990 азаматқа арт-терапия, еңбек терапиясы және психологиялық кеңестер ұйымдастырды. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларына арналған мерекелік бағдарламалар өткізілді.
«TEN QOGAM» орталығы «8 Наурыз – Халықаралық Әйелдер күні», «Наурыз», «Балалар күні», «Конституция күні» сияқты атаулы мерекелерде 300-ден астам азаматты қамтыған іс-шаралар өткізді. Жаңа жыл қарсаңында 200-ге жуық тұрғынға демеушілер есебінен сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.
«TEN QOGAM» орталығы мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, оларды қоғамға интеграциялауға және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жұмысты жалғастыруда. Орталықтың бастамалары алдағы уақытта да халық игілігі үшін қызмет ете береді.
Бұл орталық – инклюзияны ілгерілетудің, қамқорлық пен теңдікті қамтамасыз етудің жарқын үлгісі.