Тәулігіне 2 тонна тары өңделеді

Отырар ауданының Балтакөл ауылы тары өсіруге маманданған. Осындағы «Досжан ата» тары өңдеу цехының жетекшісі Ерасыл Жүребек үй жағдайында тары дайындап, нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп келеді.
Тәулігіне 2 тоннаға жуық тары өңдейтін цехта жергілікті 10 азамат жұмыс істейді. Кәсіпкер өз кәсібін жандандыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Ырыс» МҚҰ-дан 20 млн. теңге алып, цех ғимаратын одан әрі кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек тары қалдықтарын құрама жем ретінде пайдаланып, мал бордақылауды жандандыруда.
Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Балтакөл ауылындағы тары өңдеу цехының жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзіне айналған кәсіпті дамыту жайын талқылады.
Алдына мақсат қойып, табысқа жетіп отырған жас кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеген аудан әкімі кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.