Түркістанда жерленген Абылай хан әулеті жайлы не білеміз?

 Түркістан қаласының тарихын тілге тиек еткенде Абылай хан туралы айтпай кетуге болмас. Түркістан Абылай ханның билік құрған, ақ киізге отырғызып хан көтерген, мәңгілік тыныс тапқан мекені. 
Көпшілік Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Абылай ханның бәйбішесі Қарашаштың жерленгенін біле бермеуі мүмкін. Бұл туралы профессор Мұхтар Бахадырұлы қытай деректеріндегі мәліметтерге сүйене отырып былай деп жазады:
«Қытай елшілері Абылай ханмен кездесуінде мынадай естелік қалдырады: «8-ші айдың 25-і күні Абылайдың бастауымен Атбасардағы Есіл өзені бойынан аттандық. 9-шы айдың 7-сі күні Көксеңгірге жеткенде Абылайдың үйінен екі мәрте хабар келіп, бәйбішесінің хәлі нашарлап жатқанын жеткізді. Хан «отбасымның жағдайы сонша маңызды емес қой. Үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қарағанда Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыздылау. Сендерді ел шетіне шығарып салған соң қайтармын» деді де, бізді бастап сапарды әрі жалғады. Сонан соң тағы бір хабаршы келіп, Абылайдың үйіне қайтуын жөн көрді. Хан бұрынғысынша назар салмады. Біз ол кісіні тоқтатып: «Сіз істің бәрін орны-орнына қойып болдыңыз ғой. Қайта беріңіз» дедік. Хан: «Ендеше «жол ортада тастап кетті» демеңдер. Мұндай қиын жағдайда шарасыз болып тұрмын. Бәйбішемнің бойында әлі жаны бар болса дәрігерге көрсетермін. Мен жеткенше қайтыс болса, міндетті түрде үлкендеріміз жатқан Түркістан жеріне апарып жерлеймін» деп қоштасқан. Осындай деректерге қарап Абылайдың бәйбішесінің Түркістанға жерленгенін болжауға болады. Тарихта Абылай ханның 12 әйелі болғаны белгілі. Бәйбішесінің есімі Қарашаш. Оны міндетті түрде Түркістанға апарамын дегеніне қарағанда оның Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жатқанына күмән болмаса керек.
Ясауи кесенесінде жерленген Абылай әулетінің келесі өкілі – қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан туған Қасым сұлтан. Қасым сұлтанның туған жылы белгісіз. Қасым сұлтан бар ғұмырын Ресей империясына қарсы күреске арнады.
Абылай ханның отыз ұлының ішіндегі кенжесі Қасым сұлтанның екі әйелі болған. Бәйбішесінен (Айкүмістен) алты ұл: Саржан, Есенкелді, Ағатай, Бопы, Кішік және Кенесары, ал, тоқалдан жалғыз Наурызбай туған. Қасым сұлтанды қоқандықтар кездесуге алдап шақырып, тұтқын етіп Түркістанда ұстайды. Ол осы жерде сырқаттанып, 1840 жылы қыркүйекте дүние салады. Туысқандарының айтуымен Әзірет Сұлтан кесенесінің ішіне Абылай хан қабірінің жанына жерленеді.
Кенесарының әпкесі Бопай ханымның жерленген орны ретінде бірнеше жер аталады. Қазақ халқы туралы зерттеулер жазған Н.Балкашин өз еңбегінде бір топ атақты тұлғаның қабірі жайлы мәліметтер келтіреді. Онда  Кенесарының әпкесі Бопай ханымның да Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінде, әкесі Қасымның қасында жерленгенін жазады.
Бопай жастайынан сұлулығымен, өжеттігімен көзге түскен. Ол інілері  Кенесарымен, Наурызбаймен бірге Ресей отаршылдарына және Қоқан хандығына қарсы күрескен. Кесенеге жерленген әйел адамдардың соңғысы Бопай ханым болуы мүмкін.  Бопай ханымның қай жылы қайтыс болғаны белгісіз. 2012 жылы 9 ақпанда Ғылыми Кеңестің шешімімен Бопай ханым Қасымсұлтанқызы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленгендер тізіміне қосылған.
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығында Абылай хан есімін ұлықтау мен насихаттау жұмыстары жалғасып келеді. 2011 жылы Абылай ханның 300 жылдығы қарсаңында «Абылай  хан» атты кітапша жарық көрді. Одан бөлек 2020 және 2021 жылдары шыққан «Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар», «Түркістанда жерленген билер» атты ғылыми-танымдық еңбектердің де қазақ тарихына қосқан үлесі орасан зор. Музей қорындағы Абылай ханның Жауғашты батырға сыйға берді деп айтылатын киіз үйдің босағасы, Абылай ханның замандасы, қол бастаған Қабанбай батыр ұстаған қанжар (сапы), Хан ордасынан табылған археологиялық жәдігерлер қазақ хандығы тарихынан сыр шертетін жәдігерлер.
Мұрат ТАСТАНБЕКОВ,
«Әзірет-Сұлтан» музей-қорығы директорының орынбасары.