ТҮРКІСТАНДА ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІНІҢ КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан қаласындағы «Этноауыл»қалашығында Наурыз мерекесі қарсаңында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. «Оқушылар сарайы — ЮНЕСКО» клубы және «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Мерекелік шарада «Оқушылар сарайы — ЮНЕСКО» клубының директоры Индира Икапова көрме-жәрмеңке қонақтарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– «Оқушылар сарайы — ЮНЕСКО» клубы біраз уақыт бұрын «Этноауыл» жобасын қолға алған болатын. Одан бөлек, «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Нәтижесінде бүгін Түркістандағы этно-қалашықта Әз-Наурыз мерекесіне орай алғашқы іс-шарамыз өтіп жатыр. Бүгін сіздер үшін өңірдегі ең үздік қолөнер шеберлері өз бұйымдарын ұсынуда. Мұндағы мақсат – ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымыздың маңызын арттырып, кеңінен насихаттау. Бұл қазақ халқының мәдениетін әлемге танытып, Түркістандағы туризмді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да бұл жобаны жалғастырып, өңірімізді дамытуға үлес қосатын боламыз. Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын! – деді Индира Икапова.
Көрме-жәрмеңке аясында өңірдің әр ауданынан келген қолөнершілердің және «Оқушылар сарайы — ЮНЕСКО» клубында жасалған зергерлік, қолөнер, керамика, ағаш бұйымдары келушілер назарына ұсынылды. Іс-шара қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүрлерге қатысты қойылымдар мен мерекелік концертті тамашалады.