ТҮРКІСТАНДА ОБЛЫСТЫҚ «КИБЕРСПОРТ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Түркістанда облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Counter Strike: Global Offensive және FIFA-2023» ойын түрлерінен киберспорт турнирі басталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Турнирдің негізгі мақсаты – аудан, қалалық жастар арасындағы киберспортқа қызығушылығы жоғары жастардың басын қосу, ынтымақтастықты арттыру және облыс жастарын республикалық және әлемдік дәрежедегі ойындарға дайындау болып саналады.
Жарысқа 21-35 жас аралығындағы облысқа қарасты аудан, қаладан 100-ден астам жастар қызығушылық танытып қатысуда. Ойынның алғашқы күнінде, яғни іріктеу кезеңінде өзара мықтылар анықталып, жеңімпаз болған командалар ақтық кезеңге жолдама алады. Киберспортқа қызығушылық танытып келген жастардың басын қосқан бұл ойын түрі, барлық қатысушыға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Киберспорт – компьютерлік және видео ойындарға негізделген командалық не жекелей бақ сынайтын спорт түрі. Тарихы 70-ші жылдардан бастау алатын компьютер ойындары бүгінде әлемнің бірнеше елдерінде ресми спорт түрі деп танылып, әлемдік жарыстар өтіледі. Киберспорттың әлемдік аудиториясы 230 миллионнан асады.
Алдағы уақытта, жеңімпаз болған жастарды республикалық жарыстарға қатыстыру жоспарлануда.