ТҮРКІСТАНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ТАРТУ ЖАСАЛДЫ
Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «Шұғылалы таң» қайырымдылық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Наурыз – жаңару айы» атты іс-шарасы өтті.
Мерекелік шараға ерекше күтімді қажет ететін балалар қатысып, қошеметке бөленді. Кешті ұйымдастырудың мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, патриоттық сезімдерін ояту. Аталған шарада «Шұғылалы таң» қайырымдылық қоғамдық қорының төрайымы Дана Орманова бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, олардың болашағынан көп үміт күтетін айтты.
Талантты балалар әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер өнерлерін ортаға салды. Ерекше күтімді қажет ететін өнерлі балаларға сый-сияпаттар табысталды.
Сонымен қатар қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, «САҚ» киностудиясының «Наурізек» анимациялық фильмі кішкентай көрермен назарына ұсынылды. Кеш соңында мекеме директоры Райхан Нарикова биылғы Наурыз мейрамы ерекше форматта аталып өтіп жатқандығын, алдағы уақытта осындай игі істер жалғасын табатындығын тілге тиек етті.