ТҮРКІСТАНДА НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН БҰҚАРАЛЫҚ ЖҮГІРУ МАРАФОНЫ ӨТТІ

Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай, «Спорт – денсаулық кепілі» ұранымен бұқаралық жүгіру марафоны өтті. Бұл іс-шараны Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және Түркістан қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен өңірде Наурыз мерекесін он күн бойы мағыналы іс-шаралармен өрнектеу тапсырылған болатын. Осы мақсатта ұйымдастырылған марафонға 500-ге жуық адам қатысып, бұқаралық спортты қолдайтындарын көрсетті. Олардың арасында спорт саласының мамандары мен жастары, аға буын мен кішкентай балалар да бар. 66 жастағы түркістандық ардагер спортшы Марат Божбанбаев мұндай спорттық шаралар адам ағзасына өте пайдалы екендігін тілге тиек етті.

Мерекелік сайыста 35 жасқа дейінгі жастар арасында бас жүлдені Ардашер Захадинов иеленсе, күміс алқа Ақниет Абдурасилұлына тиесілі болды. Ал қола жүлде Ердаулет Абеновке бұйырды. Сондай-ақ 35 жастан жоғары ерлер арасында Еркін Жадырисов алтын алқаны иеленсе, екінші орынды Марат Нұрмаханов еншіледі. Қола жүлдеге Ертай Қамбаров қанағат етті.
Қыздар арасында 35 жасқа дейінгі қатысушылар арасында бірінші орынды Гулнәр Искакова иеленсе, күміс жүлде Ксения Самсоноваға бұйырды. Ал қола жүлдеге Диана Сейтенова қол жеткізді. 35 жастан жоғарылар арасында жеңімпаз атанған Малика Есжанова өзінің жылдамдығымен көпшілікті таң қалдырды. Күміс жүлде Фариза Мұсаеваға және қола жүлде Гүлшара Акимбекова бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтап, арнайы тағайындалған медальдар және грамоталарды табыстады. Түркістан жұртшылығының арасында жоғары деңгейде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар ұлттық спорт түрлері ойындарымен жалғасады.