ТҮРКІСТАНДА КОМИССИЯ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНА ҚАТЫСТЫ ТЫҢ ҚҰЖАТТАРДЫ ЖАРИЯЛАДЫ
Түркістан облысында бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған деректер мен материалдар жинағы жарық көрді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жыл бойы іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде 1200 дана 6 архивтік құжаттар жинағы және 200 дана монография баспадан шығарылды.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия отырысында мәлім болды. Күн тәртібінде комиссияның былтыр атқарған жұмыстары, жұмысшы топ құрамын бағыттар бойынша бекіту, биылғы жоспар мен туындауы мүмкін мәселелер қаралды.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев 2023 жылы комиссия тарапынан атқарылатын жоспарды таныстырды. Сондай-ақ комиссия мүшелері Хазретәлі Тұрсын және Гүлнәр Шардарбекованың хабарламалары тыңдалды. Пікіралмасу барысында облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы архивтік құжаттар жинағын балаларға арналған ғылыми зерттеулер жобасына тақырып ретінде ұсынуға болатынын айтты. Яғни жинақты пайдалана отырып, балалардың тарихқа деген қызығушылығын оятуға болады. Сонымен қатар былтыр өңірлік комиссия әзірлеген Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық ақтауға ұсынылғандардың кеңейтілген тізімін пайдалануға мүмкіндік бар.
2022 жылы ғылыми және зерттеу қызметіне қажетті шығындар мен өңірлік комиссияның міндеттерін іске асыруға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, жұмыстар атқарылды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу, архив құжаттарын цифрландыру, комиссия жұмысын жандандыру бағытындағы жұмыстар өз деңгейінде атқарылып келеді. Ғалымдар мен архившілер болашақ ұрпаққа өшпес мұра қалдыру мақсатында жан-жақты зерделеу жүргізіп, күш жұмсап, еңбек етуде. Әсіресе, облыстың зиялылары, тарихшылары мен ғалымдары бұл салада өзіндік үлесін қосуда. Өйткені Түркістан облысында мұндай ғылыми тұрғыдағы сараптамалар қажет-ақ. 2023 жылы архив қорларымен жұмыс істейтіндердің санын арттыру, тың архивтік деректерді айналымға ұсыну, монографияларға талдау жасау, шетелмен байланыс орната отырып өңірге қатысты ақпараттарды анықтау шаралары, туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу жұмыстарын бірлесіп жүргізуіміз керек. Ақпараттық жұмыс бойынша ақтауға ұсынылатындар тізімі арнайы сайтқа орналастырылады. Осылайша салаға қоғамның назарын аударып, атсалысатын азаматтардың қатарын арттыра аламыз , – деді Бейсен Дәулетұлы.
Айта кетейік, биыл «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы бойынша мұрағаттық құжаттардың 10 томы және «Халық жады» еске алу кітаптарының 20 томы баспада жариялау жоспарлануда. Ол үшін республиканың әрбір өңірлік комиссиялары материал іздестіру және деректер анықтау жұмыстарын қолға алады.