ТҮРКІСТАНДА «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАР КІТАБЫ КҮНІ» АТАЛЫП ӨТІЛДІ
Түркістанда 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітап – білім бұлағы» атты балаларға арналған іс-шара өтті. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында көрініс тапқан шара барысында тұрақты әрі өнерлі оқырмандар ән-жырдан шашу шашып, талантты бишілер өз өнерін ортаға салды.
Сондай-ақ, республикалық «Ілияс оқулары – 2023» байқауының бас жүлде иегерлері – Нұрахмет Кенжебай және Ердәулет Кәрібай, республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауының жүлдегері – Әсел Бақытжан қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кешке қатысушыларға ерекше көңіл-күймен рухани ләззат сыйлаған кездесуде балаларға базарлық таратылып, кітапхана директоры атынан арнайы алғыс хат табысталды.
Айта кетейік, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биыл жазушы-драматург Төлен Әбдіктің шығармалары таңдалған болатын. Осы орайда «Қонақтар» әңгімесі бойынша пікір-талас өтіп, дебатқа Майшай Әбенова және Тұран жалпы орта мектебінің оқушылары қатысты.