ТҮРКІСТАНДА БОКСТАН БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Түркістанда бокстан Сидней олимпидасының жеңімпазы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған кезекті халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталды. Турнирді Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық спорт басқармасы және облыстық Әбдісалан Нұрмаханов атындағы олимпиадалық спорт мектебі ұйымдастырды.
Дүбірлі бокс додасының марапттау рәсіміне қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған азаматтар жеңіске жеткен боксшыларды құттықтап, оларға ізгі тілектерін білдірді. Кезінде Сидней төрінде Бекзатпен бірге ұлттық құраманың намысын қорғаған олимпиаданың жеңімпазы Ермахан Ибраимов турнирдің деңгейі жоғары екенін жеткізді.
Биыл ХХІ рет өткізілген халықаралық доданың бас жүлдесіне кіл мықтылар таласты. Ринг төрінде жұдырықты жігіттер 13 салмақта мықтыны анықтаса, тұңғыш рет осы турнирде қыздар 5 салмақ дәрежесінде күш сынасты.
Қыздар арасында өңір намысын қорғаған 50 келідегі түркістандық Дельфина Әбілхан алтын медаль иеленді. Ал 57 келіде Ұлжан Сәрсенбек топ жарса, 75 келідегі түркістандық ару Шұғыла Нәлібайға тең келер қарсылас болмады. Осылайша, қыздар арасындағы айқаста 3 алтын медаль облыс қоржынына түсті.
Ұлдар арасында Түркістан облысының басты үміті 60 келіде жұдырықтасқан Бахтияр Анарбаев жеңімпаз атанды. Бұдан өзге алтын медаль жеңіп алған ринг қожайындары қатарында 63,5 келіде бақ сынаған Төрехан Сабырхан, 67 келіде Ерасыл Жұмақұл бар.
Бокс додасының жоғары деңгейде өтуіне Түркістан облыстық бокс федерациясының президенті Сұлтан Көшенов те атсалысты. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне лайықты құрмет көрсетілді. Түркістанда жоғары деңгейде өткен халықаралық додаға еліміздің барлық аймағымен қатар көршілес Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан елдерінен де спортшылар қатысты.