Түркістан жастары белсенді

«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын Асар дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету». (Президент Қасым-Жомарт Тоқаев)

Бүгінде елімізде ерікті болып, жұрттың ықыласына бөленіп жүрген жастарымыздың қатары көп. Волонтерлер осынысымен-ақ қоғамның ажырамас бір бөлшегіне айналып келеді. Осы орайда Түркістан өңіріндегі волонтер жастардың белсенділігі қандай, жастардың қоғамдағы рөлін арттыру үшін не істеуіміз керек, еріктілікті дамыту үшін қандай қадам жасалуы тиіс сынды сауалдарға «Жастар рухы» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман жауап берді, деп жазады Jas qazaq порталына сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық асгенттігі.

Jas qazaq: Жансерік Бауыржанұлы, Түркістан өңіріндегі жастардың ерікті болуға деген белсенділігі қандай? Өңірдегі жастарды қоғаммен тығыз байланыстыруға қандай жұмыстар атқарылуда?

Жансерік Жұман: Жалпы Түркістан облысы жастардың көп шоғырланған мекені болып табылады. Оның үстіне қазір 35 жасқа дейінгілер жастардың қатарына жатады. Бүгінде облыс бойынша 640 мыңнан астам жас бар. Облыстағы жастардың белсенділігі өте жоғары дер едім. Олар қоғамның бір мүшесі ретінде елімізде қолға алынған игі істерге етене араласып, өз ойын ортаға салып, мемлекетіміздің өркендеуіне барынша атсалысып, қомақты үлесін қосып келеді. Біздің жастарымызды еліміздің барлық өңіріне таралған донор десек те болады. Әсіресе, еліміздің үш мегаполисі — Алматы, Астана, Шымкент, басқа да ірі орталық қалаларда білім алып жатқан жастардың басым бөлігі — біздің облыстан шыққан жастар. Өңірдегі жастар да волонтерлік істе өте белсенді. Бұл белсенділік елімізде төтенше жағдайлар орын алған кезде арта түсті. Тек қана біздің Түркістан облысының ғана емес, бүкіл еліміздің жастары бірігіп, зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетті. Жалпы біздің еліміздегі еріктілік қозғалысы пандемия айрықша өрістеп, қанатын кеңге жайды. Өңірдегі белсенді жастар күш біріктіріп, осы бір қиын кезеңде елі үшін аянып қалмады. Қазір қуантатыныы, еліміздің барлық өңірінде, республикалық, облыстық, аудандық тіпті ауылдық жердің өзінде жастар ресурстық орталықтары мен жастар ұйымы жұмыс істейді. Бұл дегеніміз еліміз үшін, оның дамуы үшін жастардың белсенді араласуы маңызды дегенді білдіреді. Бүгінде жастардың үні мен ойына құлақ асу байқалады. Тіпті Үкімет тарапынан депутат ретінде жастардың сайланып, олардың қоғамның дамуының бір бөлшегі болуға жол ашылды. Қазір жастардың пікірі ескеріледі.

Jas qazaq: «Жастар рухы» жастар қанатының волонтер жастардың қатарын көбейтуде рөлі ерекше. Ең алдымен ұйымның жұмысы мен мақсаты жайлы айтып өтсеңіз?

Жансерік Жұман: «Жастар рухы» жастар қанаты — еліміздегі ең белсенді ұйым. «Аманат» партиясына қарайтын жастар партиясының негізгі қызметі — еліміздегі саяси бағыттың жүзеге асырылуына үлес қосу. Әсіресе, осы бағытты жастар арасында насихаттау. Одан бөлек, біз жастарымыздың интеллектуалдық дамуын алдыңғы қатарға қоямыз. Айталық, жақында «Аманат ақылмен» жобасын іске қостық. Жоба аясында жастар арасында интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылады. Жас депутаттық корпус мүшелерімен кездесу өтеді. Жалпы облыстағы жастардың дамуына барлық жағдай жа салған. Өңірдегі әрбір жас өз ойын ортаға салып, жастармен кеңесе отырып шешілуі керек мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуға жан-жақты дайындалады. Сонымен қатар облыстағы жастар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен волонтерліктің негізгі бағыттары бойынша қарқынды жұмыс істейді.

Jas qazaq: Байқаймыз, соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде ерікті жастардың қатары көбейіп келеді. Осы ретте Түркістан облысының жастары көбінесе волонтерліктің қай бағытымен белсенді айналысады? Мәселен, жақында қандай шара өтті?

Жансерік Жұман: Біздің өңірдегі жастар көбінесе экологияны қорғауға, қарт кісілерге құрмет көрсету сынды еріктілік істерде өте белсенді. Жастарымыз Арыс, Мақтарал өңірлерінен бөлек, Қостанай өңіріндегі төтенше жағдай кезінде күш біріктіріп, гуманитарлық көмек көрсетті. Еріктілік қазақтың қанында бар нәрсе. Халқымызда асарлату дәстүрі бұрыннан бар. Мысалы, денсаулыққа қатысты волонтерлік пандемия кезінде қарқынды дамыды. Ал қазір волонтерліктің бұл бағыты бәсеңдеп қалды. Сондықтан осы сынды бағыттарды қайта жандандыруымыз керек. Өйткені денсаулық саласы әр кезде де маңызды. Біздің облыста өткен шараларға тоқталатын болсам, еріктілік бойынша нақты жоспармен жұмыс істейміз.

Жақында ғана «Таза қала» акциясы бойынша белсенді жастарымыз қаланың көрікті жерлерін тазартуға көмектесті. «Ашық микрофон» жобасы аясында белсенді жастарымыз қала тұрғындарымен сұхбаттасып, 19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауына қатысты жұрттың пікірін тыңдап көрді. Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын қала тұрғындарының ойын біліп, оларға микрофон ұсынды. Халықтың пікірі мен ойы тыңдалды. Сонымен қатар жастарымыз алдағы сайлау науқанындағы үгіт-насихат жұмыстарына да белсенді қатысуда.
Облыстың әр аудан, қаласы бойынша 700-ден астам жас үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін болады.

AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалы Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасымен бірігіп, «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Қауіпсіз қала» акциясын өткізді. Бұл акцияның мақсаты — адамдардың өмірі мен денсаулығын өрттен қорғау, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар тұрғын үйлерге және көппәтерлі үйлердің, оның ішінде газдандырылған үйлердің қауіпсіздік деңгейін арттыру. «Қауіпсіз қала» акциясы 40 мыңнан астам тұрғыны бар Сауран тұрғын алқабында өтті. Газ қондырғыларының өрт қауіпсіздігі талаптарына сай орнатылғаны тексерілді. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, жадынама парақшалары таратылды. Тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерімен танысқаны туралы растау хаттар алынды.

 

Сондай-ақ өңірдегі TazaLike жобасы жалғасын табуда. Түркістан облысы Жетісай аудандық рухтастар бастамасымен TazaLikе жобасы аясында «Жан жылуы» еріктілер тобы қарт, жалғыз басты аналарымызға үй шаруаларына және аулалардағы қар тазалау жұмыстарын жүргізді. Аталған жоба өңірлердегі қардың қалың түсуіне байланысты республика көлемінде жүзеге асырылуда. Біздің «Жастар Рухы» жастар қанаты «Жастарға кеңес» жобасын да іске қосты. Бұл жоба аясында облысымыздың жастары баспана алу немесе емделу, кәсіп ашу, жұмысқа орналасу сияқты мәселелер бойынша қажетті кеңес ала алады. AMANAT партиясының жастар қанаты «Жастарға кеңес» жобасын іске қосты. Оның аясында мобильді кеңес беру пункттері базарларда, сауда үйлерінде, ауылдар мен моноқалаларда тұрақты негізде жұмыс істейтін болады. Кеңес беру жұмысына «Жастар рухының» қызметкерлері, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, «Отбасы банк» АҚ-ның, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, медициналық сақтандыру қорының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, өңірлік білім басқармаларының және «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының мамандары тартылады. Бұл біздің ұйым атқарған жұмыстардың бастамасы қана. Алдағы саяси науқанға белсенді қатысқан жастарымыздың жоспары айқын. Волонтер жастарымыз қарттар үйі мен балалар үйіне көмектесу, экологиялық акциялар мен тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесу сынды жұмыстармен де белсене айналысатын болады.

Jas qazaq: Жас көшбасшы ретінде айтыңызшы, еліміздегі еріктілік деңгейі қай деңгейде? Волонтерлікті бұдан әрі дамыту үшін не істеуіміз керек?

Жансерік Жұман: Еріктілік бұл біздің халқымызда ежелден бар нәрсе. Еліміз қиын-қыстау кезде бір-біріне қол ұшын созып, көмегін аямаған. Волонтерлік бағыт жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Нақты мынадай деңгейде деп баға бере алмаймын. Дегенмен де волонтерлік бағыттың даму деңгейі бізде жоғары деп айта аламын. Қазіргі таңда ерікті боламын деген әрбір жас біздің қатарымызға қосыла алады. Бүгінде студенттер мен жоғарғы сынып оқушылары белсенді. Волонтерлікті дамыту үшін үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуіміз керек. Өңірдегі әрбір жас елі үшін, елінің ертеңі үшін волонтер болып, қоғамға белсене араласуы керек деп ойлаймын. Біз жастарымыздың қатарын көбейтіп, нақты бағыттар бойынша жұмыс істесек, алға қарай ілгерілеу болады.

Әңгімеңізге рахмет!