ТҮРКІСТАН: ЖАСТАР АРАСЫНДА НАШАҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ САРАЛАНДЫ
Түркістанда Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың мәжілісі өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық жасап, жүргізіп отырды, деп хабалайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Мәжілісте Облыстық полиция департаментіне қарасты басқарма бастығының орынбасары А.Бұрханов әлеуметтік желілерде есірткі құралдарын насихаттау және жарнамалаумен айналысатын аккаунттарды жедел бұғаттау бойынша атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Сонымен бірге нашақорлық пен есірткі қылмыстарына қарсы іс-шаралар, арнайы «Көкнәр», «Допинг» тағы басқа алдын-алу операцияларының нәтижелері туралы да айтты. Ал Түркістан облысында халық, оның ішінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің 2022-2023 жылдарға арналған медиа-жоспарының орындалуы жайлы Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары К.Мырзабеков баяндама жасады. Сонымен бірге кәмелетке толмағандар арасындағы есірткіге қатысты құқықбұзушылықтарының жолын кесу жөніндегі кешенді шаралар бойынша Облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Ж.Маханбетов айтып өтті.
Облыс әкімінің орынбасары есірткіге қарсы күрес бағытындағы алдын алу шараларын күшейтіп, жұмысты жүйелеу керектігін ескертті. Жұмысты нашар атқарған жауапты тұлғаларға сын-ескертпе айтты.
– Штабтың жұмысы жүйелі емес. Немқұрайдылық бар. Есірткіге қарсы ақпараттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуі керек. Әр басқарма, құқық қорғау органдары өз құзіреттері шеңберінде ұсыныстар беріп, жұмысты ширатқаны жөн, – деген Бейсен Тәжібаев жауаптыларға міндеттер жүктеді.
Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2023 жылдың 8 айында облыс аумағында есірткімен байланысты 401 дерек тіркелді. Оның ішінде, қылмыстар – 205, қылмыстық теріс қылықтар 196 деректі құрады. Заңсыз айналымнан 1 тонна 151 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Есірткіні таратудың алдын алу бойынша білім беру және жастар бос уақытын өткізетін орындарда, интернет кеңістігінде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Интернеттегі мониторинг жұмыстарының нәтижесінде синтетикалық есірткі таратуы мүмкін 48 ақпараттық сайт анықталып, Ішкі істер министрлігінің «Киберқадағалау» бағдарламасына сараптамаға жолданып, бұғатталды.
Осы жылдың 8 айында синтетикалық есірткілермен байланысты 8 дерек анықталды. Олар бойынша 13 грамм 8352 милиграмм синтетикалық есірткілер тәркіленді. Есірткімен байланысты қылмыстар бойынша 125 тұлға, теріс қылықтармен 61 тұлға құрықталған. Оның ішінде Қазақстанмен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей азаматтары да бар. Үкіметтің 2023 жылдың 20 наурыздағы №240 Қаулысымен «Трамадол» дәрілік препараты «психотроптық заттардың» қатарына енгізіліп, Қаулы күшіне енген соң 7 сәуірден бастап 33 қылмыс анықталды.
Өңірде полиция, облыстағы денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы, «Жастар ресурстық орталықтары», үкіметтік емес ұйым өкілдерінің және нашақорлық профилактикасына байланысты басқа да ведомства өкілдерінің қатысуымен мектеп оқушылары мен студент жастар арасында 92 профилакикалық іс-шара өткен. Нашақорлыққа және есірткіге қарсы түрлі профилактикалық іс-шараларға 40244 адам қатысқан. Жастар аасында спорттық және мәдени іс-шаралар, тренигтер өткізіліп келеді.
Халық арасында есірткіге және нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында облыс әкімі жанындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресуге бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб төрағасының ықпалымен көшелер мен қоғамдық орындарда есірткіге қарсы әлеуметтік жарнамалары бар билбордтар орналастырылып, БАҚ-та түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.