ТҮРКІСТАН: ШАРУАЛАР НАУРЫЗ АЙЫНДА ҚЫЗАНАҚТЫ ЭКСПОРТТАУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫР
Түркістан облысында жылыжай шаруашылығы жақсы дамып келеді. Қазір өңір диқандары көкөністерді өсіріп, көктемденарыққа шығаруға дайындалып жатыр. Солардың бірі – Сарыағаш ауданы, Қабланбек ауылдық округі аумағындағы «Занджаниджад» шаруа қожалығы.
Шаруа қожалығының басшысы Занджаниджад Рустемнің айтуынша, жылыжай шаруашылығымен айналысу өте қиын. Төзім мен еңбекті талап етеді. Күндіз-түні от жағу, жылыжайды жылы ұстау, ауа райының түрлі сынақтарынан өнімді аман сақтау оңай емес.
– Бұл – отбасылық бизнес. Диқаншылықпен 30 жылдан бері айналысып келеміз. Қараша айында қызанақ тұқымын септік, желтоқсанда жылыжайда көшетін отырғыздық. Наурыз айының соңында өнім аламыз деген үміт бар. Қызанақ егу, оны өсіру жұмыстары жүріп жатыр. Қызанақтан бөлек гүл өсіруді де жоспарлап отырмыз, – дейді диқан.
2005 жылы құрылған шаруа қожалығында 1,5 гектар аумақта жылыжай салынған. Кәсіпкер бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қызанақ өсірумен айналысатын жылыжайда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аталған жылыжай жылына 200 тонна қызанақ өндіруге қуатты. Өнім кәсіпкерлер арқылы негізінен Ресейге экспортталады.
Сарыағаш ауданының экономикасын дамытудағы негізгі саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Аудан аумағында орналасқан 683,2 гектар жылыжайларда негізінен қызанақ, қияр, болгар бұрышы, аскөк, баклажан, түсті қырыққабат, құлпынай және гүлдер өсіріледі.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Сарыағаш, Келес аудандарында агроиндустриалды аймақ құру жоспарланған. Сол арқылы өңірдегі жылыжайлар көлемін 690 гектарға ұлғайтып, 2259 гектарға жеткізу көзделген.