ТҮРКІСТАН: ШАРДАРА АУДАНЫНДА ЖҮГЕРІ ДАҚЫЛЫН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Шардара ауданына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы арнайы іссапармен барды. Ол ең алдымен 2023 жылы күрделі жөндеуден өтетін Ақшеңгелді ауылында орналасқан 4-К-2-8, 4-К-2-9, 4-К-3-7, 4-К-4-4 ағын су каналдарының жағдайымен танысып, ондағы инвесторларға ұсынылған 600 гектар жер учаскілерін қарап шықты. Қызылқұм ауылындағы ПУИД-2 жобасы аясында іске асырылып жатқан 5Р-3 каналындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Алатау батыр ауылындағы «Шебер» ҚБ тігін фабрикасы мен «Сая» фермер қожалығындағы күріш өңдеу цехына барды. Ауылдық округтегі тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындардың ісіне оң баға берді.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары ауданда салынайын деп жатқан, қуаттылығы жылына 100 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы, жүгері дақылын тереңдетіп өңдейтін зауыттың жобасымен танысты. Зауытты Шардара қаласындағы индустриалды аймақтан салу жоспарланған. Е.Кенжеханұлы зауыт салуға ниетті инвесторлармен кездесіп, құрылыс жұмыстары мен өндіріс орнының әлеуетін талқылады. Бұл зауыт іске қосылса 500 адамды жұмыспен қамту көзделген.
«Біз зауытты іске қоспай тұрып ауданнан жүегері дақылын егуге арналған аумақтарды белгілеудеміз. Шикізат қоры мол болу керек. Сонымен қатар Шардара ауданының диқандарынан жүгеріні шикізат ретінде қабылдауға әзірміз. Ол үшін зауыт шаруларға көмектесуге дайын», деді инвесторлар.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай зауыт құрылысына қажетті инфрақұрылым мәселесін шешуге аудан әкімдігі қажетті көмек беретіндігін атап өтті. 
Бұдан бөлек, облыс әкімінің орынбасары «Хамит» АӨК балық өңдеу зауытына барып, өндіріс технологиясымен танысты. Одан кейін «Шардара» су қоймасының құрылыс жұмыстары мен ағын су тарифының мәселесі бойынша шаруа қожалықтары иелерімен кездесті.
Іссапар соңында Шардара ауданында жүргізіліп жатқан ірі жобалардың бірі –12 192 гектар Жаушықұм массивін игеру жұмыстарымен танысты.