ТҮРКІСТАН: САУРАНДА КІШІ ФУТБОЛДАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК БАСТАЛДЫ

Бүгін Сауран ауданы Оранғай ауылында кіші футболдан ашық біріншілік басталды. Аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат төрағасы қолдауымен қолға алынған спорттық шараның мақсаты — ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеу.
Ашық біріншілікке 30 команда өтінім берген. Бүгінгі сайыста ауданға қарасты 12 ауыл округінен 24 команда шаршы алаңда бақ сынасып жатыр. Жас аралығына шектеу қойылмаған. Тіпті 60 жасты алқымдаған ардагерлерден құралған «Ардагер» командасы да ойын алаңында бақ сынасады..
Біріншіліктің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байысбаев пен аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Жарысқа қатысып жатқан командалар бұған дейін️де шаршы алаңда ала доп теуіп жүрген кіл мықтылар. Ойын нәтижесінде халықаралық, республикалық додаларда ауданның намысын қорғайтын команда құру үшін мықты ойыншылар жасақталынып алынады. Ашық біріншілік екі күнге жалғасады. Жүлде қоры да қомақты. Айта кетейік, алғаш рет ұйымдастырылып жатқан доп додасына аудандық мәслихат депутаттары демеушілік жасап отыр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі