ТҮРКІСТАН: ПОЛИЦИЯНЫҢ СЕРВИСТІК ТӘСІЛІН ЕНГІЗУ БОЙЫНША СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру және Түркістан облысының аумағында пилоттық жобаны масштабтау мақсатында барлық аудан, қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомстваралық топтар құрылған болатын.

Басты мақсат — полиция жұмысына сервистік тәсілдерді енгізу, проблемалық мәселелерді шешуді ескеру, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсарту, мемлекеттік институттардың құқықтық тәртіп саласындағы проблемаларды бірлесіп анықтау және шешу, азаматтардың сала мамандарына деген сенім деңгейін арттыруды қамтамасыз ету болып табылады.

Осыған орай, 2023 жылы 20 ақпан күні Түркістан облысы әкімі жанындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және полицияның сервистік тәсілін енгізу бойынша топ мүшелерімен семинар-кеңес өтті.

Жиынға жергілікті полиция қызметі басқармасының жұмысын ұйымдастыру және қадағалау тобының инспекторы Қанат Көкаршын, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Зұлпархан Чалданов, Қазақстанның «Қызыл ай» қоғамының филиал басшысы, «Көмек» дағдарыс орталығының директоры Малика Жүсіпова, Кентау қаласы әкімдігі жанынан құрылған топ мүшелері қатысты. Семинарда аталған бағыттарға байланысты шараларды ілгерілету, жаңа тетіктермен жұмыс жүргізу жайында бағыт-бағдар берілді.

Еске салсақ, Жолдауда Астана қаласының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бағдарламалар офисінің қолдауымен, Республиканың бүкіл аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сервистік тәсілдерді енгізу тетіктерін масштабтау міндеті қойылған еді. Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жанданатынын айтты.