ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ЭКСПОРТТЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Түркістанда Түркістан облысының экспорт жөніндегі өңірлік кеңесінің отырысы өтті. Кеңестің кезекті отырысын Инвестиция және экспорт басқармасы және «TURKISTAN INVEST» инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі аймақтық агенттігі ұйымдастырды.  Оған инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Мұрат Әбдірахманов, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қазақстандық стандарттау және метрология институтының (Қазстандарт) филиал директоры Сәкен Бейсеев, «KazakhExport» ЭСК» АҚ сақтандыру департаментінің директоры Алмагүл Маженова және өңірлік менеджер Айнұр Анесова, «QazTrade» АҚ өңірлік өкілі Бекжан Нақыпов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен экспорттаушы кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Кездесу биыл алғаш рет ұйымдастырылды және «галстуксіз» еркін форматта өткізілді.  Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың өкілдері мен экспорттаушылар  еркін пікір алмасты.

Қатысушыларға «QazTrade» АҚ қызметінің негізгі бағыттары мен мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде «Экспорттық акселератор» және Alibaba халықаралық электрондық «Алтын жеткізуші» мәртебесін алу туралы бағдарламаларына қабылдау жолдары таныстырылды. Өткен жылы өңірдің 11 кәсіпорны 313 млн. теңгеден астам сомаға шығындардың бір бөлігін өтегені белгілі болды.

«KazakhExport»  ЭСК» АҚ өкілдері қазақстандық өнімді экспорттаушыларды да, шетелдік сатып алушыларды да сақтандыру және қаржыландыру мүмкіндіктері туралы айтып берді. 2017 жылдан бастап түркістандық экспорттаушылар қоғамның құралдарын пайдаланып, жалпы сомасы 4,3 млрд. теңгеге мемлекеттік қолдау алды.

«ҚазСтандарт» филиалының директоры Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінде танылған халықаралық Halal сертификаттарын алу мүмкіндігі туралы хабарлады. Бұл Түркістан өндірушілерінің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Сұрақтар мен жауаптар барысында экспорттаушылар сертификаттар алу және стандарттарды әзірлеу қажеттілігі, шығындардың бір бөлігін өтеу және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары бойынша мәселелерді көтерді. Олардың кейбіреулері сол жерде шешілді, қалғандары хаттамалық тапсырмалар ретінде жұмысқа қабылданды.

Жергілікті атқарушы орган және жауапты құрылымдар экспортты ілгерілету және өңірде экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау жөніндегі белсенді жұмысты жалғастырады.