ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНАДЫ

Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 128 нысаналы индикатор қарастырылған, оның 121 индикаторы 2022 жылға жоспарланған. 2022 жылдың қортындысымен 74 (61,2%) индикаторға қол жеткізілген. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы индикаторлар сапалы орындалуы тиіс екеніне тоқталып, нәтижеге қол жеткізе алмаған басқарма және аудан, қала басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.

– Облысты дамыту жоспарын жүзеге асыру – аса маңызды іс. Жауапкершілікпен қараған жөн. Әр аудан, қаланың ерекшеліктері де ескерілуі тиіс. Әр ауданды өз ерекшелігіне сай салаға бейімдеп, индикатор қою керек. Осы жағын жүйелеңіздер. Басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері бекітілген индикаторлардың сапалы орындалуын қамтамасыз етсін. Барлық көрсеткіш орындалуы керек. Индикаторларға қол жеткізу бойынша ай сайын мониторинг жүргізу экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жүктелсін. Тиісті жауапты мекемелер әр айдың 13-інен кешіктірмей жоспардың орындалуы бойынша ақпарат ұсынсын. Жыл сайын қайталанатын кемшіліктер түбегейлі жойылып, биыл оның қайталануына жол берілмеуі қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, 20 индикатор бойынша статистикалық есеп жүргізу мерзімі бар. Ауыл шаруашылығы саласында 20 индикатор жоспарланып, 14-і орындалса, Қоғамдық даму басқармасында 6 индикатор бойынша жұмыс атқарылған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында 8 индикатор жоспарланып, 6-ауы жүзеге асқан. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қатысты 11 индикатордың 9-ы орындалса, Облыстық денсаулық басқармасына қатысты 14 көрсеткіштің 13-і орындалған.
Мәжілісте басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне қатысты индикаторларды орындау барысындағы кемшіліктер талқыланды. Облыс әкімі өңірді дамыту жоспарын жүйелі жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп, 2023 жылы орындалмау қауіпі бар индикаторлар анықталған басқарма басшыларына олардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.