ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында алдымен бірінші отырыста ұсынылған жобалардың жүзеге асырылу барысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Атап айтсақ, «АймарҚұс» құс фабрикасы мен «Бейбарыс ботлерс» сусындар өндірісі зауытына қажетті жер телімін ұлғайту, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында полимер зауытын салуға қолдау көрсету мәселелері сараланды. Осы жобаларды сүйемелдеу бойынша Төлеби, Түлкібас аудандары мен Түркістан қаласы әкімдерінің ұсыныстары тыңдалды.

Одан кейін жаңадан жүзеге асырылатын жобалар сарапталып, инвесторларға қандай көмек керек екені сұралды. 10 жоба бойынша инвесторлар өз ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді. Олар инфрақұрылым, газ, электр қуаты, жер, жобаны құжаттандыру және өзге де мәселелер бойынша қажетті көмекті сұрады. Сонымен бірге инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу бойынша Төлеби және Қазығұрт аудандары әкімдерінің есептері де талқыға салынды.

– Біз әрбір жобаның іске асырылу барысын мұқият қадағалаймыз. Инвесторларға қолдау көрсетеміз, жобаларды бірге жүзеге асыруға күш саламыз. Инфрақұрылым және өзге де мәселелер бойынша көмектесеміз. Ұсынылған жобалар жақын арада іске асырылып, облыс экономикасының драйвері болады деп үміттенеміз. Инвесторларға да талабымыз бар. Жобаның жүзеге асырылу барысы мен уақыты келісімшартта нақты көрсетілуі тиіс. Әр қадам алдын ала белгіленіп, Жол карталары жасалуы керек. Кейбір азаматтар жерді сұрап алады, бірақ ештеңе істемейді. Ондайға жол берілмейді. Әрбір жоба келісімшартқа сәкес жүзеге асса, елге де, инвесорларға да пайдалы болады. Бұл ретте аудан, қала әкімдері үнемі ізденіп, инвесторларды тартуы керек. Осы саладағы индикаторды орындамаған басшыларға тиісті шара көріледі, – деген Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді, тың жобаларды табуды, ұсыныс беруді тапсырды.

Алдағы уақытта Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында мақта кластері бойынша жоба жүзеге асады. Оған Өзбекстанның «GLOBAL TEXTILE» компаниясы ниет білдіріп отыр. Алдымен жоғары сұрыпты мақта егіліп, өнім алынады. Оны өңдейтін кәсіпорын салу жоспарда бар. Ал Мақтаарал және Шардара ауданы диқандары үшін тиімді жобаның бірі – жүгеріні терең өңдеу зауыты. Облыс әкімінің тікелей атсалысуымен «Жаркент крахмаль зауыты» ЖШС өңірде өз жобаларын жүзеге асырмақ. Бірінші кезеңде Мақтааралдағы 20 гектар жерге жүгері егіледі. Ол нарықтағы тиімді бағамен сатып алынады. Ал негізгі кезең бойынша Шардара ауданында крахмаль зауыты салынады деп жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 26 млрд теңге. 500 адам жұмыспен қамтылады.

«Nurym group» ЖШС Арыс қаласы аумағында жаңбырлатып суғару әдісімен 4500 гектар жерде мал азығын өсіруді жоспарлап отыр. 30 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар аталған компания 15 млрд. теңге инвестиция салып, 50 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуға ниетті.

Жиында Шардарада көкөністі терең өңдеу зауытын іске қосу, кластерін дамыту, Келес ауданында күн электр станциясын салу, Түркістан қаласында таунхаустар салу, сауықтыру орталығы бар 3 жұлдызды қонақ үй салу және өзге де салалар бойынша жобалар таныстырылды. Бұл жобалардың басым бөлігі 2023-2025 жылдары аралығында жүзеге аспақ.