ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА ЖАҢА ИДЕЯЛАР МЕН ТӘСІЛДЕР ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Түркістан облысында туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде арнайы қаралды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың туристік мүмкіндігі толық қолданылмай тұрғанын айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
📌– Туризм саласы бойынша бекітілген идикаторлар орындалуы тиіс. Жұмысты ширатыңыздар. Облыстағы туристік нысандарды ретке келтіруді, туризм саласын дамыту мақсатында нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын тез арада бекітуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
✔️Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.
✔️Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.
✔️Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады.
✔️Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ (әр топта орташа есеппен 20-25 турист) Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр.
✔️Аймақта туризмді дамыту жұмыстары жалғасады.