ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ БОЙЫНША ОТЫРЫС ӨТТІ

Түркістан облысында азаматтарды әскерге шақыру науқаны барысындағы мәселелерді талқылау бойынша мәжіліс өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың қатысуымен өткен жиында облыс аумағындағы азаматтарды күзгі әскерге шақыру науқаны барысында туындаған мәселелер талқыланды. Мәжіліске бейне-селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстың қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерлан Манапов, Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Асылхан Төреханов, аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады.
Жиынды қорытындылай келе облыс әкімінің бірінші орынбасары шақыру науқанын сапалы ұйымдастырып, шақырылушыларды сапалы зерделеп, берілген тапсырысқа сәйкес ҚР Қарулы Күштері мен басқа да әскери құралымдарының қатарына уақытылы жасақталып, жөнелтілуін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.
Айта кетейік, биыл өңірде күзгі әскерге шақыру кезінде 900-ден астам азамат Отан қорғауға аттанды. Жалпы күзде 2 мыңнан астам адам әскерге шақырылады.