ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ДОДА ӨТТІ

Түркістан облысында Әз-Наурыз мерекесін кең көлемде тойлау жалғасуда. Түлкібас ауданында ұлттық спорт түрлерінен аламан жарыс өтіп, мықты деп танылған дарабоздар марапатталды. Ұлттық мерекемізді жаңғырту мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен Наурызды он күн бойы атап өтіп жатқан түркістандықтар бұл жолы Түлкібас төрінде ұлттық спортты ұлықтады.
Білекті әрі жүректі өрендер ұлттық спорт түрлері көкпар, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыс өткізді. Бұған бүкіл аудан, ауылдардан ең талантты деген саңлақтар шақырту алыпты. Көкпар ойыны өте тартысқа толы болды. Жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген «Сарытөр» командасы бас жүлдеге ие болды. Ал «Алаш» командасы күміс жүлдегер атанса, «Жабағылы» командасына қола жүлде бұйырды.
Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Болат Қонаев ұлттық спортты дамыту жұмыстары қарқынды екенін айтты. Республика бойынша ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқан Түркістан облысы қазір көш басында тұр.
Аударыспақтан да таланттылардың есімдері белгілі болды. 60 келі салмақта Ермек Құралбайдың бағы жанса, 70 келіде Дарын Өтелбай да алтын медаль иеленді. 80 келіде өнер көрсеткен Ғабит Ағабек те жеңістің шыңын бағындырды. Кезінде көкпардан Кеңес одағының 9 дүркін жеңімпазы атанған даңқты ардагер спортшы Әбілхан Дауылбаев ұлттық спорттың дамуына жоғары бағасын берді.
Жастар мен жасөспірімдер арасында жамбы атудан жеңімпаздар мен жүлдегерлер де анықталды. Бас жүлдені Батыр Бексауыт иеленді.
Жарыстың жабылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев пен Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт жарысқа қатысушы барша өрендерді құттықтап, жеңімпаздарға арнайы құрмет көрсетті.