ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӘКІМІ МЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ ХАЛЫҚТЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫН ТЫҢДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен құқық қорғау органдарының басшылары Түлкібас тұрғындарымен жүздесіп, біріңғай ашық қабылдау өткізді. Алдымен елмен кездесу өтіп, маңызды мәселелер қозғалды.
– Осындай кездесулерде өткір мәселелерді жасырудың қажеті жоқ. Ашық талқылауға дайынбыз. Мәселені ашық айтып, белсенділікпен бірге жұмыс атқарсақ қана нәтиже болады. Әрине, әкімдік істей алатын жұмысты істейміз, ал заң аясындс құзіретімізге кірмейтін уәдені бермейміз. Елге осыны түсіндірген жөн. Менімен бірге басқарма басшылары, облыстағы құқық қорғау органдары мен департаменттердің басшылары келіп отыр. Барлығы сіздерді қабылдайды, пікірлеріңізді тыңдайды. Білім, инфрақұрылым және өзге мәселелерді қозғап жатырсыздар. Біз бірінші кезекте білім саласын дамытсақ қана ел дамиды. Сондықтан қазір осы салаға көңіл бөлініп, мектеп директорлары тікелей эфирде, ел алдында ашық іріктеліп жатыр. Осы арқылы саладағы келеңсіздіктер жойылады деген үміттеміз. Спорт саласы бойынша да ұсынысты қабылдап, таулы аудандарға спорт кешенін салуды да қарастырамыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде білім саласы, идеология, жол салу, инфрақұрылым және өзге де түйткілдер тарқатылды. Құзырлы орган басшылары халықты қабылдап, өтініштерін тыңдады. Оннан астам тұрғынның арыз-шағым, ұсыныстары назарға алынды. Өңір басшысы әрбір өтініш хаттамаға енгізіліп, жұмыс жүретінін жеткізді.
Облыс басшылығының халықпен былтырғы кездесулері нәтижесінде біраз жұмыс атқарылып, ел тілегі орындалған. Атап айтсақ, Кершетас ауылына мәдениет үйін салуға 164,5 млн. теңге қаржы қарастырылды. Биыл пайдалануға беріледі.
Т.Рысқұлов ауылы, «Бақыбек» мөлтек ауданын дамыту үшін 80,0 гектар аумаққа инженерлік- инфрақұрылым жүйелерін тартуға, электр желісіне 165,8 млн. теңге, су желісі мен кәріз жүйесі желілеріне 499,0 млн. теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде ел игілігіне 186 жер телімі беріледі.
Таусағыз ауылындағы «Г.Титов» атындағы мектебіне қосымша ғимарат салу мәселесі декөтеріліп, 150 орындық ғимарат салуға 479,7 млн. теңге қаржы қарастырылды. Майтөбе елді мекеніндегі ішкі көшелерін жөндеуден өткізуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Майтөбе елді мекеніндегі 21 көшеге асфальт төсеу жұмыстарына қаржы қарастырылды. Жұмыстар толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі.
Былтыр Түлкібас ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,3 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 4,0 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 18,6 млрд. теңгені құрады. Алдағы үш жылда құны 150,0 млрд. теңгеге 3 инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Нәтижесінде 1088 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 55,0 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.