ТҮРКІСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН ҚОЛӨНЕРШІЛЕРІ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Түркістан облысы мен Қырғызстан қолөнершілері арасындағы іскерлік байланыс нығая түспек. Дәлірек айтсақ, бірер күн бұрын өңірде құрылған «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Индира Икапова бастаған делегация Қырғыз Республикасына арнайы іссапармен барды. Іссапар аясында одақ төрайымы Индира Сарқытқызы «ART GROUP ZHARASHAT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрайымы Нурзат Жээнбеккызымен кездесіп, өзара меморандумға қол қойды. Енді ұйымның алғашқы халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығы одақтың жұмыс істеу аясын кеңейте түспек.

— Ендігі кезекте осы ұйыммен бірлесіп, жас буынды қолөнерге баулу, оларға қолдау көрсетіп, қазақ халқының мәдениетін әлемге таныту жұмыстарын атқаратын боламыз. Сондай-ақ, тәжірибе алмасып, тың әдіс-тәсілдерді меңгеруді де жалғастыра береміз. Бұл жұмыстар қазақтың қолөнерін жаңғыртып, дамытуға оң әсерін тигізетіні сөзсіз, – деді одақ төрайымы Индира Сарқытқызы.

Сондай-ақ, қазақстандық делегация өкілдері іссапар аясында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігіне барып, елші орынбасары Асхат Рустамұлымен кездесті. Жүздесуде ұлттық қолөнерді жаңғырту бағытында қолға алынған жұмыстар мен алдағы уақытқа арналған жоспар баяндалды.

Бұл орайда, елші орынбасары бастамаға сәттілік тілеп, елшілік тарабынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетсек, «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігі бір айдан астам уақыт бұрын облыс орталығында құрылған болатын. Мұндағы негізгі мақсат – жас шеберлерге қолдау көрсетіп, ұлттық қолөнерді дамыту.