ТҮРКІСТАН: МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ ӨҢІР ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында ҚР Мәдениет  және спорт министрі Асхат Оралов өңір тұрғындарымен кездесті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев модераторлық етті.

Кездесуде министр Асхат Раздықұлы биыл министрлік тарапынан атқарылатын жұмыстар мен бірқатар жобаларды таныстырды. Жиын барысында министр түркістандық бапкерлер мен спортшылармен 2024 жылы өтетін жазғы Париж Олимпиадасына дайындықты талқылады.

«Биылғы жоспар бойынша Түркістан өңірінде 15 мәдениет нысанына жөндеу және 3 нысанына құрылыс жұмыстары көзделіп отыр. Сонымен қатар, сіздердің өңірлеріңізде «Гауһар Ана», «Отырар», «Сауран» визит-орталықтары биыл ашылып, туристерге қолайлы жағдай тудырады деп күтеміз. Ал 2023-2024 жылдары Түркістан облысында жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге туристік инвестициялық 18 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Medina Palace» қонақүйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клубы, теннис орталығы және «Turkistan Mall» орталықтары сияқты жобалар іске асырылуда. 2022 жылы 15 туристік нысан пайдалануға берілген. Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды», — деді ҚР Мәдениет  және спорт министрі.

Министрдің пікірінше, бүгінде республикамыздағы аудан, ауыл жастары спортпен шұғылдану үшін мектеп интернат-колледждерде білім алуы керек. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20 аймақтың 12-інде спорт мектеп интернат-колледжі бар болса, қалған 8 өңірде жаңадан ашылатын болады. Осылайша, кемелді келешек иелері кәсіби спортқа тарту жолында игілікті істер жалғаса береді.

Сонымен қатар, министр былтыр республикамызда алғаш рет «Ұлы дала жорығы жарысы ұйымдастырылып онда түркістандықтар үшінші орын алғанын айтып, алдағы кезде жерлестеріміздің жүлделі орындардан көрінетіндіктеріне сенім білдірді.

Сұрақ-жауапқа ұласқан жиында басқосуға келген жұрт ұсыныстары мен сауалдарын жолда, тұшымды жауап алды.

Бұл орайда, Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым облыстағы ақын-жазушылардың кітаптарын жарыққа шығару мәселесін көтерді. Асхат Раздықұлы өз кезегінде түркістандық қаламгерлердің жинақтарын мемлекеттік тапсырыс аясында шығаруға министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов спорттағы легионерлер мәселесін қозғады.

Аталған мәселе бойынша министр: «Бұл мәселе шынында мені де толғандырады. Осы бойынша елордаға барып зерделеу жасаймын. Меніңше, легионерлерден гөрі ауылдағы ағайынға жағдай жасауымыз керек. Чемпиондардың дені ауылдан шығады. Жас спортшыларды қолдауымыз керек. Бұл мәселені, талдау жасай отырып, оң нәтиже шығаратын боламыз», — деді министр.

Жиын соңында Асхат Оралов барша жиналған жұртқа алғысын білдіріп, еңбектеріне береке тіледі.  Сондай-ақ жиыннан соң министр азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл ретте, барлық ұсыныстар назарға алынып, тиісінше жұмыстар атқарылатындығын айтты.

Министр өңірімізге жасаған сапары аясында енді Шардара, Отырар, Жетісай аудандарына және Арыс қаласына барып, жергілікті тұрғындармен кездеседі. Сондай-ақ спорттық, мәдени нысандардың жұмысымен таныспақ.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұлттық мәдениеттің бірегей нысандарын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинацияны әзірлеу жұмысы жалғаспақ. Бұл дәліз 6 объектіні қамтиды. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Сауран, Отырар, Яссы, Қызылорда облысындағы Жеті Асар, Жанкент, Сығанақ нысандары қамтылмақ.