ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ ИСПАНИЯДА ТӘЛІМ АЛҒАН ЖАС ҰСТАЗ «CONVERSATION CLUB» АШТЫ

ХХІ ғасыр жастарының кейбірінің  сөзі мен іс-әрекеті сәйкеспей жатады. Соған орай қазіргі жастардың екі түрлі әлемін салыстыра ой толғағым келеді. Қазіргі заман – ғылым мен инновациялық технологияның қарыштап дамып өте жоғары деңгейге жеткен шағы. Қазір еліміздегі бар мүмкіндікті қолданып, білімге құштар болып жүрген жастар аз емес. Білімге құмар болған сайын  адамның ой-өрісі кеңейіп, қоғамда оған қарап бой түзейді. Жаңа ғасырдың мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана біліп жатқан жастар көпке үлгі бола алады.  Ондай  жастар   жоғары оқу орнын тек Қазақстанда ғана оқып шектелмей, одан әрі өз білімдерін жетілдіріп шетелге оқуға түсіп жатады және де түрлі ғылыми жоба қорғап, белсенділік танытып елімізге үлес қосады. Білімдерін одан әрі бизнес арқылы дамытып жатқан жастар қаншама! Бұндай талантты жастарды мақтан тұтамыз.
Осындай білімді жастың бірі —  келестік Гаухар Бахадырова.
Түркістан облысы, Келес ауданындағы №2 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гаухар Бахадырова Испанияның Кадис қаласындағы «Erasmus Mundus» университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алған. Қазіргі таңда 4 перзент тәрбиелеп отырған көп балалы ана білім ордасында «Conversation club» жұмысын жүргізеді.
Клуб мақсаты – тілдік ортаға ену, қарым-қатынас, кітаптарды, жаңалықтарды, фильмдерді, ойындарды талқылау және осының барлығын ағылшын тілінде жүргізу. Клубқа оқушылармен бірге ұстаздар да қатыса алады. Әлеуметтік желіде өзінің жеке блогын жүргізетін білікті педагог ағылшын тіліне кішкентай кезінен қызыққандығын айтады.
– Тіл үйренушілердің сөйлеу дағдысын жетілдіруде мұндай клубтардың маңызы зор. Алғаш рет 5 сыныптан бастап ағылшын тілі сабақтарында эссе жаза бастадық. Кейіннен мамандандырылған мектепте білім алдым. 10-11 сыныпта оқып жүргенімде американдық волонтер Сара Ван Элизабеттің шәкірті болдым. Бос уақытымда мектебіміздің хор ұжымында мүшемін, волейбол ойнап тұрамыз. Жалпы ұстаздық жолды таңдағанымды мақтан тұтамын, – дейді мектеп мұғалімі.
Айта кету керек, қазіргі таңда 7 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімнің шәкірттері Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, білім беру гранттарын иеленіп келеді. Ал педагогтің өзі білім беру саласына қосқан үлесі үшін бірнеше марапатқа ие болған.