ТҮРКІСТАН: ӘЙЕЛДЕРДІ БИЗНЕСКЕ БАУЛУ ЖОБАСЫ ЖЕМІСІН БЕРУДЕ
2022 жылы Түркістандағы «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубының бастамасымен үйде отырған жұмыссыз әйелдерді кәсіпке баулу мақсатында «Ісмер ана» жобасы іске қосылған болатын. Аталған жоба басталғалы өңірдің әр аумағында тиісті іс-шаралар жүргізіліп, 72 сағаттық сабаққа қатысқан жүздеген қыз-келіншек тігіншіліктің қыр-сырына қанық болған.
Курстан өткендердің арасында өз ойын іске асырып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер де аз емес. Солардың бірі – түркістандық Жанболатова Жәудір. Ол «Оқушылар сарайына» 2022 жылдың қыркүйек айында қызын үйірмеге жаздыру үшін барған. Сол сәтте көпбалалы, жұмыссыз аналарға тігін курсын тегін үйрететін «Ісмер ана» жобасы бар екенін біліп, жазылып кеткен екен.
– Қыркүйек айынан бастап, 72 сағаттық «Ісмер ана» жобасына қатыстық. Ол жерде бізге Баян Утепова тәлімгер болды. Курс барысында шапан, құрақ және тағы басқа дүниелерді тігуді үйрендік. Жоба барысында «Атамекен» ұлттық палатасының қызметкерлері грант, шағын грант бойынша түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. «Оқушылар сарайының» директоры Индира Сарқытқызы бізді жәрмеңкелерге, іс-шараларға шақырып тұрады. Қазіргі таңда қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері мен қыз жасауын тігіп, сатып жатырмын , – дейді ол.
Айта кетсек, аталған жобаға көпбалалы, жұмыссыз және зейнетке шыққан аналар қатысып, тігіншіліті үйреніп, мемлекеттік қолдаулар жайлы мағлұмат ала алады.