ТҮРКІСТАН: ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ШАВКАТ РАХМОНОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Аралас жекпе-жектен әлемге танымал спортшы, Қазақ елінің мақтанышы Шавкат Рахмонов Түркістан өңіріне келді.  Алаштың абыройын аспандатып жүрген азаматты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.

– Жуырда қол жеткізген жарқын жеңісіңізбен құттықтаймын. Мақтан тұтамыз. Елімізде UFC турнирлерінің жанкүйерлері, көрермендері өте көп. Өзім де тамашалап тұрамын. Жастарға ғана емес, үлкендерге де жігер беретін азаматтардың бірі деп бағалаймын. Аралас жекпе-жекке қызығатын жастар көп. Сондықтан UFC жұлдыздарын даярлайтын мектеп ашуға дайынбыз. Түркістан өңірінен өз мектебіңізді ашатын болсаңыз, қолдау көрсетеміз. Жетістік аз емес, бірақ тоқтамау керек. Алдағы жекпе-жектерде сәттілік тілеймін, чемпиондық белбеуді әкелуіңізге тілектеспін, – деді Дархан Сатыбалды.

Шавкат Рахмонов Түркістан қаласы өте қатты өзгеріп, ажарлана түскеніне тоқталды. Құшақ жая қарсы алған Түркістан жұртшылығы мен өңір басшысына ризашылығын жеткізді.

– Түркістанға былтыр да келгем. Жақсы өзгерістерді көрдім. Жанкүйерлерге, елге рахмет. Ыстық ықыластарын білдіруде.

Жоспарларға келсек, мақсатым – Қазақстанға чемпиондық белбеуді алып келу. Бір жекпе-жектен кейін ол мүмкіндік жақындайтын шығар. Жалпы 5-6 кездесу өткізіп, үздіктер қатарына ену – әркімге беріле бермейтін бақ. Өз салмағымдағы кез келген қарсыласпен жекпе-жекке шығуға дайынмын. Бала кезімізде бізде спортпен алаңсыз айналысуға жағдай болған жоқ. Ағашқа көрпе орап қойып, соны теуіп дайындалатынбыз. Қазір жақсы залдар, ғимараттар бар. Дегенмен қолдан келгенше спортқа қолдау көрсетуді жалғастыра беру керек. Үлкен қалаларда өз жекпе-жек мектебімді ашсам деген ниет бар. Ол идеяны әлі жетілдіру керек. Уақыт көрсетеді, – деді ол.

Түркістан төріндегі жүздесуден кейін өңір басшысы Шавкаттың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Шавкат Рахмонов  UFC жүйесінде жартылай орта салмақтағы ресми рейтингінде 6-шы орында тұр. Джиу-джитсу, бокс, панкратион, дзюдо спорт түрлерін меңгерген. Аралас жекпе-жекте 17 рет кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.