ТҮРКІСТАН: АРЫСТА КӨКТЕМГІ АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың бастамасымен көгалдандыру, оның ішінде тал көшеттерін отырғызу жұмыстары қарқынды жүзеге асып келеді. Қазіргі таңда, «Жасыл Арыс» КММ мекемесінің мамандары көктемгі ағаш егу маусымына қызу кірісіп кетті.
Атап өтсек, қалаға кіреберіс тас жолы бойына 170 түп бозарша, Д.Қонаев аллеясына 6 түп қырым қарағайы мен 14 дана сирия розасы отырғызылды. Сондай-ақ жол жиегіне қаумалап өскен шөп-шалаңдарды тазарту жұмыстарын жүргізіліп жатыр.
Жалпы, «Жасыл Арыс» КММ биылғы көктем мен күз мезгілдерінде 21 670 түп әртүрлі тал-дарақ егуді жоспарлап отыр.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалану басқармасына қарасты «Жасыл Аймақ» КММ-нен эльдар қарағайы, жапон сафорасы, қырым қарағайы, бозарша (можжевельник) сынды 770 көшет әкелінген.
Ағаш отырғызу – сауапты іс. Сондықтан, көп шығынды қажет етпейтін тал-дарақтар егу шарасына қала тұрғындарын біркісідей атсалысуға шақырады.