ТҮРКІСТАН: АРЫСТА АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАР АРДАҚТАЛДЫ

8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай қала басшысы Гүлжан Құрманбекова көпбалалы аналардың шаңырақтарында болды. Кездесуде қала басшысы әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналып отырған аяулы жандарды келе жатқан мерекемен құттықтады.
Ар-намысты жалау еткен асыл аналарды ардақтау шарасы барысында қала басшысы әр анамен жеке сұқбат жүргізіп, мерекеге орай сый-сияпат жасады.
Алдымен Тұрсын Қосалиева әжеміздің үйіне барған Гүлжан Мамытқызы алтын құрсақты әжемізге ыстық ықыласын, жылы лебізін білдірді.
11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Тұрсын әже «Алтын алқа» иегері. Тыл ардагері, батыр ана 40 немере, 35 шөбере сүйіп отыр.
Үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған 90 жастағы ақ жаулықты Бибісара әжеміздің шаңырағына табан тіреп, аналар мерекесімен құттықтады. 10 ұл-қыз өсірген батыр анадан 22 немере, 14 шөбере тараған. Ұзақ жылдар наубайханада жұмыс істеген апамыздың ұл-қыздары қазіргі таңда қаламызда түрлі салада қызмет етеді.
Бұдан соң, қала басшысы көп жылдар бойы Кеңес одағы тұсында сауыншы болып жемісті еңбек еткен, 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген батыр ана Алтын Тұрысова ананың үйінде болды. Қала басшысы батыр ананы халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, мерекелік сыйлығын табыс етті.
–Баршамыз асыға күтетін ерекше мейрамда ең алдымен аналарымызды ардақтаймыз. Өйткені, адамзат баласы үшін «әлемнің жарығын сыйлаған» жанның орны әрқашан айрықша, – деді қала басшысы.
Өз кезегінде ардақты аналар қала басшысының арнайы құттықтап келгеніне ризашылық білдіріп, алғыстарын айтты. Сондай-ақ Арыс қаласын өркендету бағытындағы бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.