ТҮРКІСТАН: «АҚБӨКЕН» КЕҢ АУҚЫМДЫ ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ

Елімізде бір ай бойы киік жануарын қорғау акциясы өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев мәлім етті.

Оның мәлімдеуінше, 2023 жылдың 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында киік аңының төлдеуіне байланысты, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу және қылмыстық топтардың заңсыз қызметін анықтап, жолын кесу жұмыстары күшейтілген режимде арнайы құқық қорғау орган қызметкерлерінің қатысуымен жүргізіледі.

Брифингте сөз алған «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов алдағы акцияға дайындық барысы туралы баяндады.

Жауапты сала басшысының айтуынша, еліміздің 13 облыс аумағында жүргізілетін «Ақбөкен» кең ауқымды акциясына 2 тікұшақ, 90 джип, КАМАЗ (кунг) автокөліктері мен «дрон» аппараттары, түнгі көру құрылғыларымен қамтылған «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның 430 инспекторы сақадай сай тұр.

— Елімізде киіктерді 2024 жылға дейін аулауға және тұтынуға тыйым салынды. 2022 жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілген санақ жұмыстары барысында Қазақстанда ақбөкендер саны 1 318 000 басқа көбейгендігін көруге болады. Салыстырмалы түрде, 2021 жылғы санақ бойынша 842 мың бас киік болған. Биыл сәуір-мамыр айларында еліміздің 4 облысында атуға тыйым салынған киік (ақбөкен) аңы және Қызыл кітапқа енгізілген (арқар, қарақұйрық, т.б.) аңдарының санағын жүргізу жоспарланып отыр, — деді Расул Қарақалпақұлы.

Қысқы мезгілде қорғау жұмыстарын жүргізу барысында белгілі болғандай, Түркістан облысы Созақ ауданының аумағында Бетпақдала популяциясының 1000-2500 бас киігі қоныс аударғандығы байқалған. Кызылорда өңірлік филиалында 35 инспектордан құралған барлығы 7 мобильдік топ жануарларды қорғауды 21 359 512 мың гектар жер аумағында, оның ішінде: Қызылорда облысы — 17 783 279 мың га, Түркістан облысының 3 576 233 мың га далалық жерінде жүргізеді.