ТҮРКІСТАН: 4 АЙДАН БЕРІ ЖАЛАҚЫЛАРЫН АЛА АЛМАЙ ОТЫРҒАН МӘСЕЛЕГЕ ӘКІМ ЖАУАП БЕРДІ

Түркістан қаласындағы «Ақжол» ЖШС жұмысшылары 4 айдан бері жалақыларын ала алмай отырғаны туралы таралған ақпарат бойынша бүгін арнайы брифинг өтті.

Брифингте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәселенің мән-жайына қатысты жауап берді.

««Ақжол» ЖШС 2017 жылдан бері қосалқы мердігер ретінде қала аумағындағы бірнеше құрылыс жұмыстарына қатысып келген. 2021 жылы МКТУ тас жолынан Отырар мөлтек ауданына баратын жолдың күрделі жөндеу нысанына қатысты қазіргі таңда сот процесі жүруіне байланысты қала әкімдігі тарапынан қаржы аударылмаған. Сот аяқталған соң, шешіміне сәйкес төлемдер жүргізілетін болады.

«Ақжол» ЖШС жұмысшыларына жалақы төлей алмауының негізгі кредиторлық берешегі — құрылыс материалдары құнының өсуімен немесе жоғарыда аталған ЖШС-ң мердігер немесе қосалқы мердігер болған жеке компаниялармен байланысты туындаған.

Көтеріліп отырған мәселеде де «Ақжол» ЖШС бас мердігер емес, қосалқы мердігер ретінде жұмыстар жүргізген. Алдағы уақытта серіктестік өздерінің атқарған жұмыстарын бас мердігерге толыққанды дәлелдеп берген жағдайда айтылған соманың барлығы төленеді» — деді қала әкімі.

Қаланың бас прокуроры Жаннұр Ахметбек кез келген жұмыс беруші жұмысшылардың еңбекақысын заңмен көзделген мерзімде толық төлеуге міндетті екенін айтып:

— Жұмыс берушінің жалақы төлеуде біреуге сілтеме жасап, жалтаруға құқы жоқ — деді.

Жалпы серіктестік қаладағы құрылыс саласында, жол төсеу, темір бетон өндіру, кірпіш шығару бағытында қызмет атқарады. Облыстың еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы инспектор Аскар Сейтказин басқарма тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесінде заңды тұлғаның жұмысшылар алдындағы жалақы қарызы наурыз айына 29 млн, сәуір айына 100 млн, мамыр айына 102 млн. теңгені құрағанын жеткізді.

«Міндетті түрде орындау үшін арнайы нұсқама берілді. Одан бөлек, заңды тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Бұл жағдай бақылауда. Егер нұсқаманы уақытылы орындамаса, сот орындаушыларға өткіземіз», — деді инспектор.