«Түркінің сұңқар айбынды тұлғасы» тақырыбында әдеби шара өтті

Биыл қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпес із қалдырған белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толды. Алаштың жоғын жоқтап, намысын қамшылаған қайтпас тұлға ұлт жадында мәңгіге сақталары хақ. Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай «Түркінің сұңқар айбынды тұлғасы» тақырыбында әдеби қонақжайлық шарасы өтті.
Қазақ әдебиетінің, тілінің, ділінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған Шер аға атанған – Шерхан Мұртазаны дәріптеуге арналған мәдени шараға қаламыздың әдебиетсүйер қауымы мен көрнекті тұлғалары қатысты. Сахна шымылдығы «Шерхан Мұртаза» бейнематериалын көпшілікке ұсынумен ашылды.

Жалпы, сөз зергерінің қаламынан шыққан қай туындысын алсаңыз төл тарихты танытып, ұлт бірлігінің беки түсуі мен қажетті кезде келеңсіздікке қасқайып қарсы тұра білуге үйретеуімен құнды. Осы бағытта сөз алған Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Түркі әлемінің үздік педагогы, Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Сейдолла Садықұлы өз сөзінде Шерхан Мұртаза қазақтың сөзінің беделін көтерген тұлға екендігін екшелеп жеткізді.

Ал, ҚР Білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Сабина» балабақшасының меңгерушісі Баян Адырбек Шер ағаның жүзі былайғы жұртқа суық болғанымен, жаны жібектей жұмсақ еді. Қайырымды, бауырмашыл болатын. Ағамның жарқын күлкісі мен айбатты сөздері әлі көз алдында екендігін ескірмейтін естеліктермен толықтырды.
Сондай-ақ, Түркістан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төраға орынбасары Алима Пашанова, «Қазақ тілі» қоғамының төраға көмекшісі Ілияс Мәжитұлы сөз алып, тау тұлғалы азаматтың артында қалған өшпес мұрасын өскелең жасқа жеткізді. Облыстық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасы Б. Жүнісовтың Алғыс хатын осынау шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры Лиза Төлегенқызына және Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінің директоры Айдос Апбазовқа табыстады.

Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында өзіндік қолтаңбасын қалдырған жазушының кемеңгірлігін театр әртістері көркем көрініс астарында жиылған жұртшылыққа Шер ағаның образында шынайы ұсына білді.
Әдеби қонақжайлық шарасында «Шұғыла» халықтық-мәдени үгіт бригадасы жазушыны жырға қосқан ақындардың шығармаларын нақышына келтіре оқыса, Мақсат Даукенов, Ұлжалғас Шілдебаева, Жазира Сабирова, Райым Бақытұлы, «Семсер» және «Үгай» дуэттері ел жадында ұзақ сақталар әсем әндерді тамылжыта орындап, сахнаны сазға бөледі.
Шерхан Мұртаза қазақтың сөзінің беделін көтерген адам. Қай жерде қызмет етсе де, игілік, әділдік тұрғысынан келеді. Көптеген көркем сөз шеберлерінің өзі «Шерханның шекпенінен шықтық» деп мақтана айтады. Еске алу кешіне келген көрермендер Шер ағаның ғұмырына қанығып, сағыныштарын басқандай-ақ. Шараға қатысушылар назарына Түркістан орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Шерхан Мұртазаның шығармашылығына бағытталған кітап көрмесін ұсынды.

Л.Төлегенқызы.