ТҮРКІ ӘЛЕМІ МУНИЦИПАЛИТЕТТЕР ОДАҒЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ САУРАН АУДАНЫНА АРНАЙЫ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

Түркі әлемі муниципалитеттер одағының беделді делегациясы Сауран ауданына арнайы іссапармен келіп, өңірдің даму әлеуетімен танысты. Бұл сапар халықаралық ынтымақтастықты нығайту, бауырлас халықтар арасындағы мәдени-экономикалық байланысты арттыру және әкімшілік басқару тәжірибесін кеңейту бағытындағы маңызды қадам ретінде айрықша мәнге ие болды.

Делегация құрамында Түркия Республикасынан келген Түркі әлемі муниципалитеттер одағының бас хатшысы Фахри Солак, Хасан Кылча — әкім, қалалық мәслихат депутаттары Мевлют Канат пен Омер Бюйүкгекер, әкімнің орынбасары Мустафа Яйлажы, әкім кеңсесінің атқарушы көмекшісі Жихат Канйылмаз және сыртқы байланыстар бойынша маман Майрам Байгонушева сынды көрнекті тұлғалар болды.

Жиын барысында екі тарап екі ел арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, әкімшілік басқарудағы тиімді әдістерді бөлісу, сондай-ақ ортақ жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров делегацияға аймақтың тарихи-мәдени байлығын, экономикалық дамуын, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларын таныстырды.

Делегация сапары аясында қонақтарға Сауран қалашығының тарихи ерекшеліктері, аймақта жүзеге асып жатқан әлеуметтік бағдарламалар және кәсіпкерлікті дамыту шаралары таныстырылды.
Кездесу соңында тараптар екіжақты байланыстарды кеңейтуге бағытталған меморандум жобасын талқылап, болашақтағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгіледі.

Бұл іссапар Түркістан облысының халықаралық аренадағы беделін арттырумен қатар, Түркі әлемі мемлекеттері арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар, екі тарап алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыруға және тәжірибе алмасуды кеңейтуге ниетті екенін растады. Аудан әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл кездесу Сауран ауданының әлеуетін халықаралық қауымдастыққа таныстыруда маңызды рөл атқарып, бауырлас халықтардың тарихи және мәдени байланыстарын жаңа сапаға көтеруге мүмкіндік берді.

Түркі әлемі делегациясы аймақтың индустриялық аймағында орналасқан бірқатар өндірістік нысандарды аралап, ауыл шаруашылығы техникасы, жиһаз және тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Бұл – шетелдік әріптестердің Сауран ауданына деген инвестициялық қызығушылығының артып келе жатқанын айғақтайды.

Түркі әлемі муниципалитеттер одағының өкілдерінің Сауран ауданына жасаған бұл сапары екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Сонымен бірге, бұл шара тараптардың өзара тәжірибе алмасуын жандандырып, тиімді серіктестік орнату мақсатында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндіктер ашады. Бұған қоса, бауырлас халықтар арасындағы тарихи байланыстардың жаңа мазмұнмен жалғасуына тың серпін береді.