Түркі әлемі делегациясына Сауранның өндірістік мүмкіндіктері таныстырылды

Сауран ауданына жұмыс сапарымен келген Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы ресми кездесуден соң, ауданның өндірістік және инвестициялық әлеуетімен жан-жақты танысу мүмкіндігіне ие болды. Арнайы ұйымдастырылған экскурсия барысында қонақтар индустриялық аймақтың ауқымды жобаларын аралап, өңірдің экономикалық дамуындағы негізгі бағыттармен терең танысты.

Индустриялық аймақтағы ең ірі жобалардың бірі болып саналатын көкөніс сақтау қоймасы делегация мүшелерінің ерекше назарын аударды. Қойма 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сенімді сақтауға мүмкіндік береді. Бұл нысан Сауран ауданының аграрлық секторының өнімділігін арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызы зор жоба болып табылады.

Сонымен қатар, қонақтар «BNK Group» компаниясының өндіріс цехтарында болып, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіру барысымен танысты. Аталған кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, «BNK IRRIGATION» брендімен жоғары технологиялы ауылшаруашылық техникаларын шығарады. Бұл жүйелер су ресурстарын үнемдеу мен өнімділікті арттыруға ықпал етеді, сонымен бірге аймақтың ауыл шаруашылығын жаңғыртуға қосқан зор үлесі ретінде бағаланады.

Делегация сонымен бірге «Aqniet Holding» серіктестігінің жұмысымен танысып, білім беру және медицина мекемелеріне арналған арнайы жиһаздардың өндірісіне жоғары баға берді. Компания «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 50-ден астам білім беру нысанын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, білім саласындағы сапаны арттыруға маңызды үлес қосып отыр.

Сапар барысында Түркі әлемі өкілдері тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl Suyq Qazaqstan» кәсіпорнына да барды. Заманауи технологиялармен жабдықталған бұл өндіріс орны ішкі нарыққа сапалы әрі инновациялық өнімдер ұсынуда, оның ішінде тұрмыстық және өнеркәсіптік салаларға арналған жабдықтар бар.

Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясының бұл сапары – Сауран ауданының халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызды көрсеткіші және өңірдің индустриялық әлеуетінің артуына нақты дәлел. Мұндай кездесулер мен алмасулар бауырлас халықтар арасындағы тарихи және мәдени байланысты одан әрі нығайтып, өзара тиімді және стратегиялық маңызды жобаларды іске асыруға тың серпін береді.