ТҮЛКІБАС АУДАНЫ ЖАСТАРЫНА ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІНЕ ІРКТЕУ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Түлкібас ауданында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Өркен Байділханұлы Балажанов және «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы филиалының басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Қалыбек Амангелді Ілесбайұлы арнайы келіп, еркін форматта аудан жастарымен кездесіп, оларға «Президенттік жастар кадр резервінің» талаптарын түсіндірді. Қатысушыларды іріктеу шарттарымен таныстырып, көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап берді,  деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
«Бүгінде елдімізде білімді, білікті, жігерлі, қайратты жастар үшін мүмкіндіктер жетерлік. Ең бастысы ерінбей, ізденіп, алдыға ұмтылу керек»- деді департамент басшысы Өркен Байділханұлы өз сөзінде.
Атап өту керек, Президенттік жастар кадр резерві — Мемлекет басшысының еліміздің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған бастамасы. Ағымдағы жылы резервке үшінші іріктеу мемлекеттік басқарудың 6 салалық бағыты бойынша жүргізіледі. Оған жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген, 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеуге қатысу үшін өтінімді беру 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz сайты арқылы жүргізіледі.
Кездесуді аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов қорытындылап, ауданымызға арнайы келіп, жастарға маңызды ақпарат жеткізген Өркен Байділханұлы мен Амангелді Ілесбайұлына алғысын білдіріп, ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі