Төлеген Айбергенов — заманының дара тұлғасы
XX ғасырдың 60 жылдары поэзиямыздың жаңа дәуірі басталған кезең болды. М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаевтар өздерінің ақындық таланттары арқылы қазақ өлеңіне үлкен серпіліс, жаңа өрлеу кезеңін ала келді. Міне, осы буын жасаған поэзияда ерекше орны бар үлкен талант, дүниеге өзінің аппақ, тап-таза пейілімен келіп, сол көңілмен кеткен сағыныштың ақыны — Төлеген Айбергенов. Жыр бәйгесінде өзінің талғампаздық, өнерпаздық құныңды, суреткерлік қасиетіңді, азаматтық абыройыңды сақтап қалу үшін шынайы талантпен қоса дамылсыз ізденіс те керек. Міне, осы көкіректегі дарын мен көңілдегі ой-сезімді фонтан суындай көкке бір-ақ шапшытып, өнерпаз маңдайын айдай жарқыратар ізденіс-халқымыздың дарынды ұлдарына ғана тән қасиет.
Сондай ұлдарының бірі де бірегейі шоқ боп маздаған, асаулығы бойынан табылар қазақтың маңдайына біткен біртуар ақындарының бірі — Төлеген Айбергенов.
Түркістан қалалық №2 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен Төлеген Айбергеновтың туғанына 85 жыл толуына орай «Жырым мені ешқашан өлтірмейді» атты портреттік кеш болып өтті. Шараның мақсаты қазақтың дара туған ақынының өмірі, шығармашылығымен таныстыру, насихаттау. Шара барысында Жүсіпәлі Айнұр ақынның өлеңдері сыршылдығымен, тазалығымен дараланатын, ғасырдан- ғасырға жасай беретін жасампаз поэзия екендігін тілге тиек етті. Әмір Темір мектебінің оқушылары өлеңдерін мәнермен оқыды. Шара соңында оқырмандар кітап көрмесімен танысты.
Сонымен қатар, қалалық №9 кітапхананың филиалында «Жан еді өлең үшін дара туған» атты поэзия кеші, №11 кітапхана-филиалы «Сағыныштан жаралған ақын» атты жыр кеші, «Жолдар, жолдар, мені алыс апарыңдар» тақырыбында поэзия сағаты, №4 кітапхана-филиалы «О, адамдар, біргемін мен сендермен!» атты поэтикалық марафон болып өтті.
Төлеген Айбергеновтің ақын ретіндегі жемісті еңбек еткен кезі XX ғасырдың алпысыншы жылдары яғни, қазақ поэзиясының философиялық тұрғыдан тереңдеп, әрлене түскен кезеңі. Өзінің туа біткен таланты арқасында қазақ поэзиясына ірі бетбұрыс әкелді, әрі өз үлесін қосты. Қазақтың сөз өнерін өркендету жолына еңбек сіңірген жанкешті ақын болды. «Талант әр алуан оның қыры мен сырын жарқ еткізіп аша салу кімге де болса қиын. Әсіресе, бұл ұлы жазушы, ірі таланттарға тән қасиет»,- дейді профессор Қажым Жұмалиев
Төлеген Айбергенов поэзиясы сан қырлы. Біз ақын лирикасына ерекше тоқталамыз. «Әдебиет туралы ғылымның пайымдауынша лириканың бірнеше түрі бар. Олар саяси-әлеуметтік яғни, азаматтық лирика, махаббат лирикасы және философиялық лирикасы»,- деп баға береді белгілі академик ғалым Зейнолла Қабдолов.
Ақынның лирикалық қаһарманы — үлкен интелект. Ол ұсақ-түйек төңірегінде отбасы, ошақ қасында қалып қоймайды. Оның басты міндет етіп көтеретіні- адамгершілік, ар алдындағы борыш, ізгі қасиеттер үшін күрес, күллі өмірдегі адам ар-ожданына кереғар ұсақтықтардың бәріне қарсы майдан ашу, халықтық мәселелер. Оның ойлайтыны — жеке бастың қамы емес, халық мүддесі. «Өлең-арена»,- дейді Қадыр Мырзалиев. Бұл шындық екенін Төлеген Айбергенов поэзиясы дәлелдейді. Әр өлеңі- ақын сезімінің сиренасы.
Айбергенов поэзиясының әсеріне елігіп, ақ жүректі ақынның егіле-төгіле жырлауына еліктеп өскен жыршылардың бірі — Мұхтар Шаханов. Талай шырғалаңға ұшыраса да Махамбет мінезді Төлегенше жазуға талпынған ақын. Ол өз сөзінде: «Төлеген Айбергенов, Шәмші Қалдаяқов үшеуміз ерекше достық қарым-қатынаста болдық. Анам марқұм 13 құрсақ көтерген, соның ішінде менен басқасы түгел о дүниелік болып кеткен. Неше балаңыз бар деп сұраған адамдарға: «Менің үш балам бар: үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – мына Мұхтар» – дейтін. «Шәмші де, Төлеген де анамды ерекше қадірлейтін»- деді. Мұхтар Шаханов Төлеген шығармаларынан нәр алып, ағалық ақылын тыңдап, қасында жүріп, көп нәрсені үйренген. Тіпті Төлегеннің мықтылығын мойындап, күллі қазақты таң қалдырған ақын деп, «Айбергенов шыңы» деген өлең шығарған.
29 қыркүйек күні №6 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен ақын жазушы Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толуына орай «От ауызды, орақ тілді» атты әдеби танымдық кеші Ергеш Иззатуллаев жалпы орта мектебінің акт залында болып өтті.
Мақсаты қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат бере отырып, жырларының құдіретін сезіну, тік шұрайын таныту, тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түсіне білуге баулу. Адамгершілік, рухани қасиеттерді оқушылар бойына сіңіру, отансүйгіштік сезімдерін шыңдау.
Кеш барысында оқушылар ақын өмірімен, шығармашылық жолымен танысты. Ақынның туған ел, жер, тіл, достық ғашықтық, Желтоқсан көтерілісіне қатысты өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды.
Шынайы талант – мәңгілік ғұмыр. Төлегеннің өмірден көшкеніне біраз уақыт өтсе де есімі елімен бірге келе жатуы соған дәлел. Оның өлең өлкесіндегі құс жолындай нұрлы соқпағы кейінгі толқын інілерге өшпес өнеге. Жастарды ақын мұралары қашанда қызықтырып, өзіне тартып тұрады. Қалың оқырман қауым Төлегеннің беймәлім күнделігі мен өлеңдерін өте жылы қабылдайды. Сол секілді Мұхтар Шаханов та әдебиет әлемінде есімі алтын әріппен қалатын ақын.