Төлебиде «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты жастар форумы өтті
Төлеби аудандық мәдениет үйінде «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты жастар форумы өтті.
Басқосуға Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев, аудан прокурорының орынбасары Ермек Шунеев, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Руслан Ендібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Бекайдар Тойлыбаев, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Ханай Әшірбеков, дзюдо және самбо күресінен әлем чемпионы Мади Нәбиев, ауданның имамы Жандарбек Жаппаров қатысып, форумға қатысушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Жастардың қоғамдағы орны қаншалықты маңызды екенін, қандай жауапкершілік жүктелгенін, қауіпсіз қоғам құрудың маңыздылығы, жастарға жүктелер міндет, еңбек пен білімнің және тәрбиенің маңыздылығы талқыланған жиында Бақберген Тәңірбергенұлы жастарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
— Жастар – біздің мемлекетіміздің болашағы, елімізге ие болатын, оның экономикалық және ішкі-сыртқы саясатын жүзеге асыратын тұлғалар болғандықтан, білім мен біліктілігі сай болуы қажет. Ал, мемлекет өз тарапынан ұрпақтың қауіпсіз, әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында еңбек етуде. Бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар әрқашан сұранысқа ие екенін ескерсек, сіздерден сапалы білім, саналы тәрбие алу ғана талап етіледі. Ұлтымыздың мақтанышы, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпті – елдің ұлы» деп білім мен тәрбиенің бір-бірінен бөліп жаруға келмейтін егіз ұғым екендігін, жастар үшін маңыздылығын атап өткен,- деді өз сөзінде Бақберген Тәңірбергенұлы.
Форум аясында жастар қазақстандық патриотизм, ұлтаралық татулық пен бірлік, ел болашағы тақырыптарын ортаға салып, талқылауға алды. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев қорытындылап, елімізде болып жатқан жаңашыл өзгерістер мен бетбұрысты дамыту жастардың қолында екенін айтты.
Еркін форматта өткен форум барысында жасөспірімдер, жастар арасында және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылыққа, кемсітушілікке жол бермеу, адамның қадір-қасиетіне тиіспеу, мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып сапалы білім алу, жастардың арасында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша пікірлер айтылды.