Су тапшылығын жоюдың ең тиімді әдісі ретінде бағаланып отыр

Соңғы жылдары таулы аймақтардағы мұз бен жауын-шашын деңгейінің төмендеп кетуі салдарынан өңірімізде ағын су тапшылығы байқалуда. Бұл мәселе шаруаларға егін егуде тиімді жолдарды қарастыру қажеттігін көрсетуде.
Отырар ауданындағы Қарғалы ауылында шаруаларды қажетті ағын сумен толық қамтамасыз ету жыл сайынғы проблема болатын. Онсыз да ағын суды көп қажет ететін қауын, жүгері, жоңышқа секілді егістіктерден мол өнім алу мүмкіндігі аз екені айтпаса да түсінікті жайт. Осы жағдайларды ескере отырып, аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов диқандарға суды көп қажет етпейтін және ғылыммен негіздемесі нақтыланған өнім түрлерін өсіруді ұсынған болатын.
Аталған жайтқа байланысты отырарлық диқандар биыл жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 гектар алқапқа күзгі бидай егуді қолға алды. Күз бен көктемде  мол ағын суды тиімді пайдаланған «Біржан-2» ЖШС, «Ақсақал», «Сағындық-М», «Әшірбай» шаруа қожалықтары аңқасы кепкен даланы жасыл желекке бөлеп, мол өнім алуды көздеп отыр. Қазіргі таңда техникалардың дайындығын пысықтаған диқандар өнімді алдағы бірнеше күн ішінде толық жинап бітірмек.
Тың тәжірибеге аудандағы өзге ауыл округтерінің диқандары қызығушылық танытса, мамандар бұл жобаны су тапшылығын жоюдың ең тиімді әдісі ретінде бағалап отыр.
Осы мақсатта аудан әкімі Сәкен Асылханұлы бидай алқабына арнайы барып, жұмыстың жай-күйімен танысты. Бидай шығымын көзбен көрген аудан басшысы шаруаларға ризашылығын жеткізіп, ауыл округіндегі басқа да диқандарды ағын суды аз қажет ететін егістікпен айналысуға шақырып, алдағы уақытта туындауы ықтимал мәселелерді талқылады. Өз кезегінде диқандар осы жылы алға қойған мақсаттары толық орындалса, бидай алқабын келесі жылы одан әрі кеңейтуге ниетті екендіктерін жеткізді.