СОЗАҚТА «ТӘРБИЕЛІ ЖАСТАР – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ» АТТЫ ФОРУМ ӨТТІ

Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының ұйымдастыруымен ауданның барлық білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандардың қатысуында «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты форум өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Аталған шарада аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов арнайы сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы орнының маңыздылығына айрықша тоқталып өтті.
Сонымен қатар, шараға арнайы қатысқан аудан прокуроры Ержан Қожабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев жалынды жастарға деген ізгі тілегін арнап, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Ержан Нұрғазиев қоғамдық тәртіптің жай-күйі және полиция жұмысы туралы баяндама жасады. Баядама барысында жол қауіпсіздігін сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, мектептерде құқық қорғау, төтенше жағдайлар, медицина, психолог мамандарының қатысуымен кездесулер ұйымдастырылғанын айтып өтті.
Сондай-ақ елдің үмітін арқалап, мақтанышына айналған, жастарға үлгі-өнеге болып жүрген спортшыларымыз ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып және спорттың бірнеше түрінен спорт шебері атанып, Халықаралық спорттық жарыстарда биік белестерден көрініп жүрген Акбар Елубайұлы жастарды білімге құштар болуға, спортпен шұғылдануға, руханият орталығының мәртебесіне лайықты, өнегелі болуға шақырды.
Айта кетейік, ұйымдастырылған форумның басты мақсаты оқушылар арасында құқық бұзушылық профилактикасы, жазатайым оқиғалар және өзге де өзекті мәселерді болдырмау, олардың алдын алу болып табылады.
Шара аясында тағылымдық мәні зор сахналық көрініс қойылып, аудан аумағындағы білім беру ұйымдарында білімі мен білігін қатар алып жүрген белсенді оқушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.