«СОТ ОРЫНДАУШЫСЫ РОБОТЫ» ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ӘДІЛЕТ: ХАЛЫҚҚА ТИІМДІЛІК ПЕН ҮНЕМ

Құқықтық қызметтерді цифрландыру аясында Әділет министрлігі тағы бір маңызды қадам жасады – «Сот орындаушысы роботы» жүйесін енгізді. Бұл жүйе әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлемеген жағдайда автоматты түрде іс қозғап, жеке сот орындаушының қатысуынсыз жұмыс істейді.Егер 20 АЕК-ке дейінгі айыппұл уақтылы төленбесе, уәкілетті орган мәліметтерді робот-сот орындаушысына жібереді. Азаматтарға бұл туралы EGov Mobile қосымшасы арқылы 1414-тен SMS және push-хабарлама келеді. Бұл жүйе сот орындаушысына бару қажеттілігін жойып, азаматтарды айыппұлдың қосымша 25%-ын төлеуден босатады, өйткені барлық рәсімдер онлайн режимінде жүзеге асады.

Жүйенің нәтижелері:
• Жоба іске қосылғаннан бері 109 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалып, 2,2 млрд теңге өндірілді.
• Азаматтардың пайдасына үнемделген сома 550 млн теңгені құрады.
• Шымкент қаласы бойынша 880 млн теңге көлеміндегі 45 516 атқарушылық іс қозғалып, оның ішінде 10 835 іс (202,8 млн теңге) аяқталды.
• Шымкент тұрғындарына үнемделген қаражат – 50,7 млн теңге.
2025 жылға арналған жоспарлар:
Келесі жылы әділет органдарының жұмысы цифрлық дәуірдің жаңа мүмкіндіктерімен жетілдіріледі.
Негізгі өзгерістер мыналар: Құқықтық сауаттылықты арттыру – 300 мыңнан астам азаматқа құқықтық білім беру жоспарлануда.
«Әйтеке» заңгер-боты – жасанды интеллект негізіндегі жаңа жүйе қарапайым заңгерлік кеңестер беріп, құжаттар жинауға көмектеседі.

Робот-сот орындаушысының құзыретін кеңейту – борыш мөлшері 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, бұл азаматтардың пайдасына жылына 12,2 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұл жаңашылдықтар құқықтық қызметтердің жеделдігін, қолжетімділігін және ашықтығын арттырып, халықтың уақытын және қаржысын үнемдеуге септігін тигізеді. Әділет министрлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, қазақстандықтардың күнделікті өмірін жеңілдетуді көздейді.