Шымкенттің ең қымбат 5 жобасы
Шымкентте тәуелсіздік жылдары жалпы құны 660 млрд теңге болатын бес қымбат жоба жүзеге асырылды.
660,3 млрд теңгенің өндірістік қуаты құрылыс индустриясында, машина жасауда, мұнай химиясында, жеңіл өнеркәсіпте іске қосылды. Бұл кәсіпорындарда бүгінде 1,8 мың адам жұмыс істейді.
Ең қымбат жоба 580,39 млрд теңгеге мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру болып табылады. Бұл жұмыстар 2018 жылы аяқталды. Кәсіпорынның қуаттылығы – 6 млн тонна өнімді құрайды.
Сол жылы клинкер мен цемент шығаратын зауыт кеңейтілді. Осылайша, өндірістік қуаттылық жылына 1 млн тоннадан жылына 2 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Іске асыру құны 28,57 млрд теңге.
Тәуелсіздік жылдары іске асырылған ең қымбат жобалардың топ-3-іне 110-220 және 500 кВ күштік трансформаторлар өндірісін ұйымдастыру кіреді. Кәсіпорында жылына 120 трансформатор шығарылады.
Төртінші орында 20 млрд теңгеге цемент зауыты. Кәсіпорында жылына 1,2 млн тонна өнім шығарылады.
Ең қымбат жобалардың бестігін 11,26 млрд теңгеге кілем және кілем өнімдерін өндіру аяқтайды. Кәсіпорынның қуаттылығы 6 млн шаршы метр.
