ШЫМКЕНТТІҢ ЕҢ КӨНЕ МЕКТЕБІ ЖАНЫНАН ЖАҢА ҒИМАРАТ САЛЫНУДА

Қала әкімі Мұрат Әйтенов М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында болып, қосымша салынып жатқан оқу ғимаратының құрылыс жұмыстарын тексерді.

М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы Шымкент қаласындағы ең көне мектеп. Бүгінде оқушыларға үш тілде білім беретін мамандандырылған гимназияға айналған.

Жаңа ғимарат құрылысы 2021 жылдың маусым айында басталып, пайдалануға беру мерзімі 2023 жылдың шілдесіне жоспарланған. Құрылысты «Build Stroi» ЖШС атқаруда.

Нысан 1 100 оқушыға лайықталып, 250 орындық АКТ залы, спортзал, 20-30 мың кітап қорына арналған кітапхана мен  25 оқу орны және 320 орындық асхана да қаралған.

Аталған гимназия 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген. Қала әкімі тек үздіктерді тәрбиелеп отырған мектептің қосымша ғимаратпен толығуы білімді жастардың көбеюіне жол ашатынын атап өтті.