Шымкентте жасанды жол кедергілері орнатылып жатыр
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Жол техника инспекция бөлімінің қызметкерлері қала көшелерінде зерделеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде, деп хабарлайды oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жол айрығының жол таңбалары сызылды.
«Сонымен қатар, Шымкент қаласы көшелеріне Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларының 3.24 (ең жоғарғы жылдамдықты шектеу 40км/сағ) 4 дана, 3.24 (ең жоғарғы жылдамдықты шектеу 20 км/сағ) 4 дана, 1.16.1 (жасанды жол кедергісі) 6 дана жол белгілері орнатылуда», — делінген баспасөз хабарламасында. Сондай-ақ, білім мекемелерінің алдына жол белгілері қойылып, оқушылардың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етіліп жатыр.
Атап айтқанда, Қазиев көшесінің бойындағы «Дарын» мектебінің алдына 1 дана жасанды жол кедергісіжәне Терешкова көшесінің бойына 2 дана жасанды жол кедергісі орнатылды. Қалада биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 2022 жылы 352 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 67,4 шақырым жолға құрылыс және қайта құру, 19,3 шақырым жолға күрделі жөндеу, 261,1 шақырымға орташа жөндеу жүргізіледі. Сонымен қоса, 122,7 шақырым жолға шағал тас төселеді. Қазіргі таңда жоспарланған 19,3 шақырым жол толық күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. 125,7 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 77,3 шақырым жолға шағал тас төселді. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, бүгінде қаламыдағы жолдардың 63,6 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.
2022 жылдың соңына дейін 2188,7 шақырым жолды асфальтобетон жамылғысы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспарлануда. Ал, 2023 жылы асфальт жолдар үлесін 71,2 пайызға жеткізу жоспарланған.