ШЫМКЕНТТЕ ЮНИСЕФ ВОЛОНТЕРЛЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ
2025 жылғы 23 шілде күні Шымкент қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры – ЮНИСЕФ ұйымдастырған Волонтерлер мектебі өз жұмысын бастады.
Аталған бастама – «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты кездесулер сериясының бір бөлігі. Іс-шараға әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсенді атсалысып жүрген 500-ден астам жас қатысты.
Ашылу салтанатына:
-
Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айдын Кәрімов,
-
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің проректоры Ғани Бесбаев,
-
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл қатысты.
Шара аясындағы бағдарламалар тәжірибелік және танымдық сипатқа ие болды. Қатысушылар интерактивті пікірталастарға қатысып, волонтерлердің шынайы тәжірибесін тыңдады, әлеуметтік және экологиялық бастамалар әзірледі. Сонымен қатар, азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған тренингтер, шеберлік сабақтары мен танымдық квиздер ұйымдастырылды.
Жастар арасында кездесетін өзекті мәселелер мен сын-қатерлер талқыланып, тың идеялар ұсынылды.
ЮНИСЕФ волонтерлік қозғалысы
ЮНИСЕФ Волонтерлер мектептері бұған дейін Ақтау мен Астанада ашылған болатын. Алдағы уақытта бұл бастама Алматы, Көкшетау және Семей қалаларында жалғасады.
2020 жылдан бері Қазақстанда 10 000-нан астам жас ЮНИСЕФ волонтері атанды.
Бүгінде ЮНИСЕФ-тің волонтерлік қозғалысы әлем бойынша 10 миллионнан астам адамды біріктіріп отыр.
Волонтерлік мектеп – жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды алаң болып табылады.