ШЫМКЕНТТЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕГІ АЗАМАТТАР «5-20-25» НЕСИЕЛІК БАҒДАРЛАМАСЫМЕН БАСПАНАЛЫ БОЛА АЛАДЫ
Бүгін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Утебаева кезекті азаматтарды қабылдауы барысында жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысудың бағыт бағдарын түсіндіріп, тұрғындардың баспана мәселесін шешу жолдарын қарастырды, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі тұрғын үй басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың 10 маусым 2022 ж. – 20 маусым 2022 аралығында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «5-20-25» несиелік бағыты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін конкурс жүргізілуде. Аталған тұрғын үйлер «Тұран» шағын ауданында орналасқан. Тұрғын үйдің таза әрлеудегі 1 шаршы метрінің құны 180 000 мың теңге. Пәтер түрі 1-бөлмелі, 77- пәтер, ең үлкен аумағы 42,54 шаршы метрді құрайды. Конкурсқа өтініштерді қабылдау Банктің Otbasybank.kz интернет-ресурсында жүзеге асырылуда. Нақтырақ онлайн түрде.
Айта кету керек, өтініш берушілер құрылыс нысанының сипаттамасымен, соның ішінде ғимарат қасбетінің және пәтер жоспарының фото-суреттерін Банктің Otbasybank.kz және/немесе www.hcsbk.kz интернет-ресурсындағы «Қолжетімді тұрғын үй» бөлімінен толығырақ көре алады.
Сонымен қатар азаматтарды қабылдау барысында тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау және “Бақытты отбасы” бағдарламасына қатысты бірқатар сауалдар қойылып, Заң аясында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67,74 баптарына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек реті арқылы берілетіндігі жеткізілді. Бұған дейін Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралған. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.