ШЫМКЕНТТЕ ҮШ ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында үш жаңа өндіріс орны іске қосылды. Салтанатты ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жобалардың маңыздылығын атап өтті.
«Dapter-Line» ЖШС – мектеп дәптерлері мен жазу қағаздарын өндіретін кәсіпорын. Жобаның жалпы құны – 500 млн теңге. Жаңа кәсіпорында 40 жұмыс орны ашылды. Фабриканың жылдық қуаттылығы – 70 млн дәптер.
Шұлық бұйымдарын өндірумен айналысатын «Balabi Textile» зауытында 500 жұмыс орны ашылды. Жобаға 6, 5 млрд теңге инвестиция тартылған. Өндірістік қуаттылығы жылына 24 млн жұп шұлықты құрайды.
Аяқ киім өндірісіне бағытталған «Nappa.kz» кәсіпорнының инвестиция көлемі – 400 млн теңге, 60 жаңа жұмыс орны құрылды. Фабрика жылына 200 мың жұп аяқ киім өндіруге қауқарлы.
Барлық өндірістердің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, жабдықтары орнатылған. Бұл жобалар мегаполистің экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және импортты алмастыруға айтарлықтай үлес қосады.
Ел тарихындағы атаулы күн қарсаңында іске қосылған бұл кәсіпорындар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, отандық өнімнің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.