ШЫМКЕНТТЕ «НАУРЫЗ — МЕРЕКЕМ, НАУРЫЗ — БЕРЕКЕМ» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Бүгін «Тең Қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында «Наурыз – мерекем, Наурыз – берекем» атты мерекелік іс-шара өтті. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында орталық өз келушілерін ұлттық мерекемен құттықтап, дастархан жайды.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Бахтияр Өнербаев, Шымкент қаласы Шымкент жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қонақтарды әз-Наурызбен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Әлеуметтік қолдау орталығында азаматтарға кешенде бес бағытта қызмет көрсетіледі. Мұнда өткен жылы мүгедектігі бар 9 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетілген. Мекеме қызметін тұрақты алатын азаматтың бірі – Бөрібек Қабылбекұлы.
–Орталық 2021 жылы ашылды. Содан бері, әлеуметтік қолдау бойынша қажетті кеңестерді осы жерден аламын. Инватаксиге өтініш береміз, барлық сала цифрландыру жүйесіне көшіп жатқандықтан Егов-та қызмет алуды үйрендік. Мекеменің екінші қабатында түрлі үйірмелер бар. Мысалы, ән домбыра, кітапхана, тоқыма тоқу, арт-сурет салу үйірмелері жұмыс істейді.
Бос уақытымызды көбінесе осы жерде өткіземіз. Бүгінгі мерекелік іс-шара көңілімізді көтерді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, -дейді Б.Қабылбекұлы.
Мерекелік іс-шарада оңтүстікке танымал өнерпаздар ән айтып, би биледі. Ал орталық қызметкерлері ұлттық тағамдарын ұсынды.
Айта кетейік, орталықта жұмысқа орналасу және құқықтық, психологиялық кеңестер жүзеге асырылады. Сондай-ақ, орталық еңбек және музыка терапиясы, кітапхана, психология кабинеттерімен толыққан.