ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТТЫҚ СПОРТҚА ҚЫЗЫҒАТЫНДАР КӨБЕЙГЕН
Шымкентте ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артып, 20 742 адамға жетті.
Бұл туралы Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
2022 жылдың статистикалық қорытындысына сәйкес, шымкенттіктердің 42 пайызы, яғни 498 852 адам дене тәрбиесімен айналысып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтар оның 4.1 пайызын құрап отыр.
Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді.
«Кешенді спорт клубында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыcпақ, жекпе-жек, жамбы ату, конкур, көкпар, теңге ілу, бәйге бойынша 10 бөлім жұмыс істеп тұр. Бүгінде ұлттық спорттың 10 түрінен 107 оқу тобы жасақталып, онда 1082 спортшы жаттығып жүр. Ал, жас спортшыларды өз саласының білгір 54 оқытушы-жаттықтырушысы баптап жүр», — дейді мамандар.
Айта кетейік, ұлттық спорт түрінен ҚР Еңбек сіңірген 2 жаттықтырушы еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, ҚР жасөспірімдер, жастар, ересектер құрама командасының тізімінде 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 4 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 ҚР спорт шебері, 111 Спорт шеберіне үміткер және І спорттық дәрежедегі 57 спортшы бар.